ЭЛЕКТРОНДЫҚ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ЗИЯТЫ ЗАҚЫМДАНҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ
Конференция: CVIII Международная научно-практическая конференция «Научный форум: педагогика и психология»
Секция: Коррекционная педагогика

CVIII Международная научно-практическая конференция «Научный форум: педагогика и психология»
ЭЛЕКТРОНДЫҚ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ЗИЯТЫ ЗАҚЫМДАНҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ
Аңдатпа. Мақалада зияты зақымданған орта сынып оқушыларының есте сақтау қабілетін дамытуға арналған «Есімде!» электрондық бағдарламасының құрылымы мен дидактикалық негіздері қарастырылады. Зерттеу барысында бағдарламаның көрнекі-бейнелі, есту-сөйлеу, кеңістікті қабылдау және кинестетикалық жадыны дамытуға бағытталған 3 негізгі блогының жұмыс істеу ерекшеліктері сипатталған. Эксперименттік жұмыс нәтижелері «Есімде!» бағдарламасын түзету-дамыту сабақтарында жүйелі қолдану арқылы балалардың ырықты есте сақтау көрсеткіштерінің 15,7%-ға, ал оперативті көру есінің 20,8%-ға артқанын дәлелдейді.
Түйін сөздер: зияты зақымданған балалар, есте сақтау қабілеті, электрондық бағдарлама, коррекциялық педагогика, цифрлық технологиялар, арнайы білім беру, мнемоникалық тәсілдер, бейімдеуші оқыту.
Қазіргі таңда арнайы білім беру ұйымдарында оқыту үдерісін цифрландыру және оңалту әдістерін жаңарту – аса маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, зияты зақымданған бар балалармен жұмыс істеуде дәстүрлі әдістермен қатар, мультисенсорлық және интерактивті құралдарды қолдану жоғары нәтиже береді [1]. Интеллектуалды дамуында ауытқуы бар балалардың ең негізгі ерекшеліктерінің бірі – есте сақтау қабілетінің төмендігі, бейнелі және логикалық ойлаудың баяу дамуы болып табылады. Осы орайда, арнайы педагогика мен цифрлық технологияларды ұштастыратын «Есімде!» электрондық бағдарламасын қолдану балалардың когнитивті функцияларын, оның ішінде көру, есту және кинестетикалық есте сақтау қабілеттерін кешенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Зияты зақымданған балалардың есте сақтау үдерісінің өзіндік ерекшеліктері бар: олардың есте сақтау көлемі шектеулі, процесс баяу жүреді және тез ұмыту бейімділігі басым, сондай-ақ қабылдау тұрақсыз болып келеді. «Есімде!» электрондық бағдарламасы осы ерекшеліктерді толық ескере отырып, арнайы педагогикалық қағидаттар негізінде әзірленген.
Зерттеудің мақсаты – инновациялық тәсілдерде қолдану арқылы мектеп жасындағы зияты зақымданған балалардың есте сақтау қабілетін дамыту жолдарын ғылыми тұрғыда негіздеу және тәжірибелік түрде тексеру.
Зияттың зақымдануы – орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануынан туындайтын, танымдық іс-әрекеттің, соның ішінде есте сақтаудың, зейіннің және ойлаудың тұрақты бұзылуымен сипатталатын даму ерекшелігі [2, 112б.]. Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи теориясы бойынша, мұндай балалардың дамуы жоғары психикалық функцияларды қалыптастыру арқылы мүмкін болады, алайда бұл процесс арнайы педагогикалық ықпалдастықты және жүйелі түзету жұмыстарын талап етеді [3, 78б.]. Бұл ретте оқытудың негізгі міндеті баланың жақын даму аймағын анықтап, зақымданған функциялардың орнын толтыру үшін арнайы құралдар мен бағдарламаларды қолдануға негізделеді. Сондықтан танымдық процестерді дамыту және есте сақтау қабілетін жақсарту үшін арнайы педагогикалық ортаның көмегі қажет.
Зияты зақымданған балалардың танымдық процестерінде, әсіресе ақпаратты есте сақтау және қабылдау кезінде айтарлықтай қиындықтар кездеседі. Олардың есте сақтау көлемі шектеулі, қабылдауы баяу әрі зейіні тұрақсыз болып келеді. Дәстүрлі оқыту әдістері мұндай балалардың көңілін толық аудара алмауы мүмкін, өйткені оларға көп қайталау, көрнекілік және эмоциялық ынталандыру қажет [4, 45б.]. «Есімде!» электрондық бағдарламасы осы ерекшеліктерді ескере отырып, балалардың есте сақтау қабілетін арнайы цифрлық және мультисенсорлық құралдар арқылы дамыту мақсатында жасалды.
“Есімде!” электрондық бағдарламасы интеллектуалды жеткіліксіздігі бар орта сынып оқушыларының есте сақтау қабілетін дамытуға арналған арнайы түзету-дамыту құралы. Бағдарламаның мақсаты - оқушылардың көру, есту және қозғалыс арқылы есте сақтау қабілеттерін кешенді түрде дамыту.

Сурет 1.
«Есімде!» бағдарламасы балалардың есте сақтау қабілеттерін жүйелі дамытуға бағытталған 3 негізгі блоктан тұрады. Бірінші блок көрнекі-бейнелі жадыны дамытуға арналған. Мақсаты: көру арқылы есте сақтау қабілетін дамыту; зейінді шоғырландыру; сал ыстыру дағдыларын қалыптастыру. Екінші блок есту-сөйлеу жадыны дамытуға бағытталған. Мақсаты: есту арқылы есте сақтау қабілетін дамыту; ақпараттың реттілігін сақтау; жұмыс жадысын жетілдіру. Үшінші блок кеңістікті қабылдау және кинестетикалық жадыны дамыту блогы болып табылады. Мақсаты: көру және қозғалыс әрекеттерін байланыстыру; зейін мен реакция жылдамдығын дамыту; ассо циациялық ойлауды қалыптастыру.
Бағдарламаның дидактикалық негізі ретінде мнемоникалық тәсілдер, қайталап жаттау алгоритмдері (spaced repetition), сондай-ақ сезімдік-перцептивтік іс-әрекет қолданылады. Бейімдеуші алгоритмдер баланың табыс деңгейіне қарай тапсырмалардың күрделілігін автоматты түрде реттейді, бұл жеке даму траекториясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Геймификация элементтері – ұпайлар, жетістік белгілері, анимациялар – баланың бағдарламамен өзара әрекет етуге деген ынтасын ұзақ уақыт бойы сақтауда маңызды рөл атқарады.
Бағдарламаның интерфейсі арнайы эргономикалық талаптарға сәйкес жасалған: қарапайым навигация, үлкен интерактивті элементтер, түрлі-түсті кодтау жүйесі және дыбыстық нұсқаулар қарастырылған. Мұндай техникалық шешімдер моторикасы немесе сенсорлық жүйесі шектеулі балаларға да бағдарламаны еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Планшет, компьютер және интерактивті тақта арқылы жұмыс істеу функциясы бағдарламаны түрлі білім беру ортасында қолдануды қамтамасыз етеді.
Зерттеу барысында Қарағанды облысы білім басқармасының «№6 арнайы мектеп-интернаты» КММ базасында бақылау және эксперименттік топтар қалыптастырылды. Эксперименттік топтағы балалар «Есімде!» бағдарламасын жүйелі түрде қолданып, түзету-дамыту сабақтарында тұрақты жұмыс істеді. Оқу жылының соңында жүргізілген диагностикалық тексеру нәтижелері бақылау тобымен салыстырғанда эксперименттік топта есте сақтаудың сандық көрсеткіштерінің айтарлықтай өскенін және танымдық белсенділіктің жақсарғанын айғақтады.
Атап айтқанда, эксперименттік оқушылар топтағы қалыптастырушы кезеңнен кейін есте сақтау, қайта жаңғырту бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ырықты есті зерттеу әдістемесі барысында өсу деңгейі 15,7%-ды, ал оперативті көру есін бағалау әдістемесі негізінде өсу деңгейі 20,8%-ды құрады. Эксперимент тобының орташа көрсеткіштері 15,5%-ға артты.
Педагогтар мен ата-аналардың бақылауы балалардың күнделікті өмірде есте сақтау дағдыларын қолдану белсенділігінің артқанын, өз іс-әрекеттерін жоспарлауға деген ынтасының күшейгенін растады. Бұл деректер «Есімде!» бағдарламасының тек когнитивтік, сонымен бірге мотивациялық-ерікті сала дамуына да жағымды ықпал ететінін дәлелдейді. «Есімде!» бағдарламасының түзету-дамыту сабақтарында жүйелі қолданылуы оқушылардың жаңа ақпаратты қабылдау және ұзақ мерзімді жадқа сақтау уақытын айтарлықтай қысқартып, зейінінің тұрақтылығы мен шоғырлануын арттырады. Бағдарламаның визуалды және дыбыстық марапаттау жүйесі балалардың оқуға деген мотивациясын оятып, өзіне деген сенімділігін қалыптастырады. Сонымен қатар, цифрлық құрал арқылы педагогтар әрбір оқушының жеке даму траекториясын бақылап, тапсырмалардың күрделілік деңгейін дер кезінде реттей алады. Қорытындылай келе, бағдарламаны оқу үдерісіне енгізу арнайы білім берудің сапасын арттырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен коммуникативті дағдыларын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Жүргізілген зерттеу «Есімде!» электрондық бағдарламасының зияты зақымданған балалардың есте сақтау қабілетін дамытудағы жоғары тиімділігін растайды. Бағдарламаның бейімделгіш алгоритмдері, мультимодалды тәсілдемесі және геймификация элементтері корекциялық-дамытушы жұмыстың сапасын арттыруда маңызды факторлар болып табылады. Зерттеу нәтижелері аталған бағдарламаны арнайы білім беру мекемелерінде кеңінен қолдануды ұсынуға негіз береді.
Қорытындылай келе, «Есімде!» электрондық бағдарламасы – зияты зақымданған балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға арналған заманауи әрі тиімді педагогикалық құрал. Бағдарламаның үш негізгі блогы (көрнекі-бейнелі, есту-сөйлеу, кеңістікті қабылдау және кинестетикалық) баланың танымдық процестерін кешенді түрде ынталандырады. Оны оқу үдерісіне енгізу ақпаратты ұзақ мерзімді жадта сақтауға, зейінді шоғырландыруға және оқушылардың мотивациясын арттырып, түзету-дамыту жұмысының сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

