Статья:

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясаты қалыптасуының саяси-құқықтық аспектілері

Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №19(155)

Рубрика: Политология

Выходные данные
Әбдуали А.А. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясаты қалыптасуының саяси-құқықтық аспектілері // Студенческий форум: электрон. научн. журн. 2021. № 19(155). URL: https://nauchforum.ru/journal/stud/155/92839 (дата обращения: 27.12.2024).
Журнал опубликован
Мне нравится
на печатьскачать .pdfподелиться

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясаты қалыптасуының саяси-құқықтық аспектілері

Әбдуали Ардақ Алданазарқызы
магистрант, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстан, Алматы
Омарова Мадина Аманбайқызы
научный руководитель, Ғылыми жетекші, тарих ғылымдарының кандидаты, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстан, Алматы

 

Аннотация. Қазіргі біз өмір сүріп отырған заманды ақпараттық деп атайды, ақпарат қоғам өмірінде, оның әрбір іс-әрекетіндегі маңызды бір элемент болып табылады. Заман талаптарына сай ақпараттық қоғамды құруға жаһанданудың әсерлерін басқару мәселелері оларды сезіну, түсіндіру және тиімді түрде шешу мүмкіндіктері ұшін дәстүрлі емес ұстанымдарды белсенді іздеуді талап етеді. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы болашақтары бекем, елдік үміттері ақталмай қалмас мемлекеттер. Екі ел арасында орнатылған стратегиялық ынтымақтастық ақпараттық қауіпсіздік саласында да үлкен жетістіктерге жетті.  Мақалада Қазақстан мен Қытайдың ақпарат кеңістігі қарастырылып, ақпараттық қауіпсіздік бойынша қабылданған заңнамалық құжаттарға талдау жасалынып, жекеленген ұсыныстар тағайындалды.

 

Кілт сөздер: Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, саяси-құқықтық акт.

 

Кіріспе. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1997 жылы халыққа жасаған Жолдауында ұлттық қауіпсіздіктің ұзақ мерзімде басым мәселе болғандығын және өз қатарында ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі аспектілерінің бірі болуын атап өткен болатын. Елбасы кейінгі жолдауларында және Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарында да экономикалық және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту қажеттелігін атап өтті.

Кез-келген елдің ұлттық қауіпсіздігі мемлекет қызметінің саяси-экономикалық және басқа да салаларында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты [7].

Осыған мысал ретінде, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикаларында қабылданған Заңнамалық актілерде ақпараттық қауіпсіздік деп мемлекеттің ақпараттық ресурстарының, сонымен қатар ақпараттық саладағы жеке адам мен қоғамның мүдделерінің қорғалуының жай күйі танылады.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі халықаралық қауымдастықты түгелдей толғандыратын мәселе, сол себепті осы салада әлем елдерімен ынтымақтасу, оның ішінде қасымыздағы көршіміз – Қытаймен тәжірибе алмасу Қазақстан үшін өзекті мәселелердің біріне айналды.

Екі ел арасындағы бұл саладағы ұқсастық ретінде екі елде де қабылданған заңнамалық актілерге сәйкес мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ақпарат алу саласында адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға қабілетті ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық, әлеуметтік тетіктерді қамтитын кешенді көзқарасты пайдалануды, оны конституциялық құрылыстың мызғымастығын, мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен егемендігін, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты, ақпараттық қауіпсіздік саласында өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты дамытуды талап етеді.

Мақала мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саяси-құқықтық аспектілерді анықтау.

Осы мaқсaтқа орaй, мақаланың aлдынa мынaдaй мiндeттeр қойылaды:

  • Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласында қабылданған Заңнамалық актілерге талдау жасау;
  • Қытай Халық Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласында қабылданған Заңнамалық актілерге талдау жасау;
  • Екі елдің ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы кемшіліктерді ескере отырып, жекелеген ұсыныстар тағайындау.

Әдістер. Бұл мақаланы жазу барысында жинақтау, жүйелеу және тарихи-салыстырмалы талдау әдістері қолданылды.

Тарих. Ақпараттық қауіпсіздіктің тамыры тереңде жатыр, себебі бұл мәселе байланыс құралы пайда болған сонау көне заманнан-ақ елдердің ішкі-сыртқы саясатын жүргізудің маңызды тетігі болған. Ақпараттық қауіпсіздікті қорғау әр заманның өз мүмкіндіктері мен шарттарына сай жүзеге асырылып отырды. Хат алмасу ісіндегі қарапайым жеке мөр қоюдан бастап, пошта байланысының дамуымен шифрлеу, қайта шифрлеу, криптография сынды әдістер дамыды. Телекоммуникациялардың, компьютерлік технологиялардың дамуы, өз кезегінде, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін алғашқы міндеттер қатарына шығарды. Өйткені біртұтас Интернет желісімен байланысқан компьютерлер электрондық бизнес дамуының алғышарты болды. Нәтижесінде түрлі халықаралық лаңкестік секілді трансұлттық қылмыс түрлерінің пайда болуы әлем елдерінің ақпаратты қорғаудың тиімді әдістерін табуға, олардың аталмыш салада ынтымақтасуына ықпал жасады. 

Зерттеу нәтижелері. Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік  қолданыстағы жаңа ұғымдардың бірі ретінде қабылданады. Алайда ғылымда, әсіресе, заңңамада XX ғасырдың соңынан бастап-ақ қолданысқа енген. Әлеуметтік, экономикалық, саяси, әскери және қоғам мен мемлекеттің басқа да салаларындағы ақпараттандыру және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы өзімен бірге ақпараттық ресурстарға қол сұғушылыққа әкеп соқтырды. Ақпараттық даму, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету  мемлекет алдында тұрған басым міндеттердің бірі болып табылады [4].

2020 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында аталмыш мәселе күн тәртібінің бірінші сұрағы ретінде қарастырылды. Мәселені қозғай отырып, Елбасы: «Қазіргі таңда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда Интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер басым. Бір жағынан, бұл жақсы үрдіс. Интернетте танымдық және ағартушылық ақпарат көп. Екінші жағынан, кибер-қауіпсіздікке байланысты қатерлер де баршылық. Бұл мәселеде басқа елдермен тәжірибе алмасу қажет. Осы бағытта дамуды қолдай отырып адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды» - деген болатын.

Ақпараттық қауіпсіздік сұрақтары қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мен әлемдік ақпараттық желілердің дамуына байланысты ең өзекті мәселеге айналып отыр. Ол бір жағынан ақпараттық саланың қарқынды дамуын және бұл саладағы әлемдік көшбасшылық үшін бәсекелестікті туындатады, ал екінші жағынан – қылмыстық әлем өкілдері үшін экономикалық, саяси, әскери немесе мәдени қысым көрсетудің тағы бір саласы ретінде орнады.

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы заңында ақпараттық қауіпсіздік ұғымына мынадай анықтама берілген: «Ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі». Заңда көрсетілген 6 қауіпсіздік түрінің бірі ретінде аталған ақпараттық қауіпсіздікті сақтау – ол ұлттық тәуелсіздігімізді, қазақ қоғамы мен мемлекеттігін сақтаудың кепілі іспеттес [9]. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі еліміздің тек ішкі емес, сондай-ақ сыртқы саясатымен тығыз байланысты.

Ақпараттық қауіпсіздіктің мақсаты – азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің теңдестірілген мүдделерінің жиынтығымен айқындалатын, ақпараттық саладағы мемлекеттік мүдделерді қорғау болып табылады.

Ақпараттық саладағы әр жеке тұлғаның мүдделерінің мәні олардың ақпараттық қолжетімділікке, ақпаратты заңнамамен тыйым салынбаған қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға, дене, рухани және зияткерлік дамуға асыру үшін пайдалануға, руда, сондай-ақ, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ақпаратты қорғауда.

Ақпараттық саладағы қоғамның мүдделерінің мәні ақпараттық саладағы  азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етуде, демократияны нығайтуда, құқықтық әлеуметтік мемлекетті құруда және рухани жаңаруда.

Ал біз қарастыратын, ақпараттық саладағы мемлекеттің мүддесіне келетін болсақ, мемлекеттің мүдделерінің мәні мемлекеттің ақпараттық инфрақұрылымының үйлесімді дамуы, адамның және азаматтың ақпарат алу және оны конституциялық құрылымның, егемендіктің және аумақты бүтіндіктін, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сөзсіз қамтамасыз етуде және өзара тең-тиімді халықаралық ынтымақтастықты дамытуда [2].

Ұлттық деңгейде іргелі және жетекші идеялар ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық, құқықтық жән техникалық шаралар жүйесін қамтитын тұжырымдамалық, доктриналық және нормативтік құжаттарда көрініс табады.

Ақпараттық қатынастардың қарқынды дамуы, ақпарат алмасудың жаңа әдістері мен тәсілдерінің пайда болуы, ақпараттың жеке тұлға, қоғам және мемлекет өміріндегі рөлінің өсуі, мемлекеттік басқару мен реттеудің ақпараттық құралдарының дамуы - осының бәрі нормативтік құқықтық базаны құру мен үнемі жетілдіруді талап етеді. Қазіргі кезде құқықтың ең жаңа күрделі саласы - ақпараттық құқық қалыптасып, жүйеленіп жатыр. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл құқық саласы белгілі бір нормативті сегменттің болғанына қарамастан, өз дамуын енді бастап, бірақ әлі күнге дейін тиісті ғылыми негіздемелер мен талдаулар алған жоқ.

Ақпараттық айналым және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы заңнаманы талдау Республиканың ақпараттық заңының нормативтік-құқықтық жүйесі болып табылатын бірыңғай жүйесін құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

  1. Халықаралық-құқықтық актілерде бекітілген ақпараттық-құқықтық нормалар;
  2. Қазақстан Республикасы Конституциясының ақпараттық-құқықтық нормалары;

3) Заң түрінде ресімделген ақпараттық-құқықтық нормалар;

4) Заңға тәуелді актілерде бекітілген ақпараттық-құқықтық нормалар;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары;

6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары;

7) Орталық атқарушы органдардың актілері жүйесінде ерекше рөл атқаратын Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің актілері.

Қазақстан Республикасында ақпарат алмасу және ақпараттық қауіпсіздік саласында бірқатар нормативтік актілер қабылданды. Ең маңыздылары: 2007 жылғы 11 қаңтардағы «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2004 жылғы 5 шілдедегі «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1997 жылғы 23 маусымдағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2003 жылғы 7 қаңтардағы «Электрондық құжат айналымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1999 жылғы 15 наурыздағы «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2003 жылғы 7 қаңтарда «Электрондық құжаттар және электрондық цифрлық қолтаңбалар туралы» Заңы» және т.б. [3].

Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласын айқындайтын, жоғарыда аталып өткен заңдармен қатар, негізгі саяси-құқықтық акт Қазақстан Республикасының 2016 жылға дейінгі ақпараттық қауіпсіздігі тұжырымдамасы болып табылады.

Бұл тұжырымдама Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 14 қарашадағы No174 Жарлығымен бекітілген. Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі тұжырымдамасы ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – жеке тұлға, қоғам мен мемлекеттік мүдделерін қорғау мақсатында қабылданып, нақтыланды.

Тұжырымдама қазіргі жағдайды бағалауға негізделген және мемлекеттік саясатты, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметінің болашағын айқындайды.Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық тәжірибе, атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Ресей Федерациясы, Үндістан, Эстония секілді мемлекеттердің тәжірибесі ескерілді.

Бұл заңнамалық актілер нақты әлеуметтік қатынастарды реттейді. Мұндай актілер өте көп, алайда, ақпараттық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның нормативтік құқықтық базасы жеткіліксіз. Ақпараттық қоғамға толыққанды мүшелік қажеттілігі, ақпаратқа еркін қол жетімділік пен алмасумен қатар, тиісті техникалық және білім беру базасы жоғары дамыған және икемді заңнамалық базаны қажет етеді. Осыған байланысты, біздің ойымызша, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Қазақстанның басым міндеттері:

  1. ақпараттық ресурстармен жұмыс істеуді құқықтық реттеу мен  ашық дүниежүзілік жүйелерді, атап айтқанда Интернетті пайдаланушылардың құқықтық мәртебесін белгілеу туралы ұлттық заңнаманы әзірлеу;
  2. мемлекеттік органдар мен ұйымдар ғана емес, басқа заңды тұлғалар (мемлекеттік емес) жүзеге асыруға бағытталған, ақпарат алмасу және ақпаратты қорғау мәселелері бойынша арнайы заңнамалық және заңға тәуелді актілерді әзірлеу және қабылдау бойынша белсенді жұмысты жалғастыру. Сонымен қатар, ашық желілер арқылы берілмейтін ақпарат тізбесін анықтау;
  3. халықаралық шарттар мен келісімдерді, сондай-ақ әлемнің ашық желілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету стандарттарын әзірлеуге және бекітуге белсенді қатысу [8].

Кибер-қауіпсіздік мәселесінің өзектілігі, кез-келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласының бір құрамдас бөлігі ретінде қалыптасуынан көрініс табады. Оған дәлел ретінде ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік Қытайда мемлекеттік деңгейде қолға алынған маңызды мәселелердің бірі болуынан көре аламыз [6].

Осы бағыттағы шаралардың тұрақты сипатқа ие болуы, заңнамалық құжаттардың шығуы, мерзімдік басылымдардың пайда болуы  және интернет қолданушылар саны 829 миллионнан адамнан асуы сынды істер бұл мәселенің Қытай елі үшін қаншалықты өзекті екендігін аңғартады [5].

2017 жылдың 1 маусымында күшіне енген «Қытай Халық Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңы» ғаламторды басқарудың қатаң басшылық принциптерін орнатуға бағытталған.

Киберқауіпсіздік туралы заң күшіне енгенімен, іс жүзінде әлі де болса толыққанды қолданылып жатқанында күмән бар [1]. Себебі, заңда бекітілген кейбір талаптар кең түрде нақтыланып анықталмаған, сол себептен көптеген компаниялар олардың Қытай нарығындағы қызметтеріне кедергі келтіруі мүмкін деп қауіптенеді.

Киберқауіпсіздік туралы заң ақпаратты жинайтын, сақтайтын, жеткізетін және өңдейтін компьютерлер мен құрал-жабдықтардан тұратын кез-келген жүйелерге, аса маңызды секторлардағы кәсіпорындарға қолданылады.

Реттеу жүйесі сондай-ақ желілік операторлардың құрал-жабдықтарын міндетті түрде тестілеу мен сертификациялауды қарастырады, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке немесе қоғамдық мүддеге қауіп төндіретін экономикалық, технологиялық немесе ғылыми мәліметтерді шетелге экспорттауға тыйым салады.

Соңғы ережеге қатысты түрлі пікір қалыптасты. 50-ден астам американдық, еуропалық және жапондық компаниялар 2016 жылдың маусым айында премьер-министр Ли Кычяңның атына ұжымдық хат жазған болатын. Олар жаңа заңның шетелдік компаниялар қызметіне кедергі келтіретіні туралы мәлімдеді.

2014 жылдың 19 мамырында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында Н.Ә.Назарбаевтың Си Цзиньпинмен кездесуі өтті.

Бұл кездесу барысында екі ел басшылары ынтымақтастықтың өзекті мәселелері болып табылатын халықаралық және аймақтық сұрақтарға тоқталып кетті.

Екі ел қарым-қатынасы жаңа деңгейге жетіп, стратегиялық ынтымақтастықты арттыруға, АзияИнфоның дамуына берлісіп күш салуға және аймақтық тұрақтылықты сақтап қалуды шешті .

Қытай «үш кесапатқа» қарсы күрес, есірткіні бақылау және желілік ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын. Қазіргі уақытта халықаралық және аймақтық ахуал күрделі және өзгермелі болып табылады, Қытай мен Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп сақтау үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі үйлестіру мен ынтымақтастықты күшейтуі керек.

Бүгінгі таңда террористік ұйымдарға қарсы кибершабуылдар мен киберсоғысқа қарсы тұру ерекше өзекті болып табылады.

Осыған байланысты Қытай негізгі ақпараттық инфрақұрылымды кибер терроризмнен қорғайтын қатаң саясат қабылдады.

Қазақстан кибершабуылға қарсы тұрудың жаһандық трендіне қосылуда.

Екі ел арасындағы ақпараттық байланысқа Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғалы бергі даму үдерісі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуы және аймақтағы гуманитарлық байланыстарды арттыру тиек болғаны белгілі.

ШЫҰ саммитінің Астана декларациясы ақпараттық-коммуникациялық саладағы қылмысқа қарсы күресте және кибершабуылдардың алдын-алу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Қатысушы елдер БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлі бар тиісті халықаралық құқықтық құжатты әзірлеуге шақырды.

Сонымен қатар, ШЫҰ саммитінің нәтижесінде жоғары технологиялық, инновациялық және жоғары технологиялық жобаларды дамытуға бағытталған Қытай-Қазақстан «Нұрлы» инвестициялық қорының тікелей инвестициялық қорын құру туралы шешім қабылданды.

Қорытынды. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ынтымақтастығында ақпараттық қауіпсіздік саласының маңызды орны көптеген себептермен негізделген.

Ақпараттық қауіпсіздік саласы екі ел арасында орныққан өзара сенімділік, өзара тиімділік қарым-қатынасында болашағы жарқын саласы деп атауға болады. Бұл сала да екі ел қол жеткізген стратегиялық ынтымақтастық әлі де болса дамуды қажет етеді. Ақпараттық қауіпсіздік саласына болашақта әр түрлі қауіп-қатерлер мен қиындықтар болуы әбден мүмкін, алайда Қазақстан мен Қытай жеке ішкі саясаттарымен қатар, бір-біріне қатысты сыртқы саясаттарында да мінсіз деңгейге жетеді деп сенім білдіреміз.

 

Әдебиеттер тізімі:
1. Беков Қ.Б. Ақпараттық қауіпсіздіктің экономикалық өлшемі: ҚХР мысалы// КазҰУ Хабаршы, Алматы, 2015. -  С. 72-73
2. Голобурда Д.В. Актуальные вопросы становления системы обеспечения информационной безопасности РК// Алматы, 2019 – С. 38
3. Жатканбаева А.Е. Конституционно-правовые аспекты информационной безопасности в Республике Казахстан// Алматы, КазНУ им. Аль-Фараби, 2009. – С. 105-108
4. Зегжды П.Д. Теория и практика обеспечения информационной безопасности// Москва, Яхтсмен, 1996 – С.317
5. 中国网民数达到 8.29亿//http://www.xinhuanet.com/fortune/2019-02/28/c_1124175659.htm
6. История ИБ в Китае: начинаем разбираться с законами и регулированием// Блог компании VASExperts // https://habr.com/ru/company/vasexperts/blog/353516/
7. Кусаинов Д.У., Информационная безопасность как неотъемлемый элемент национальной безопасности Республики Казахстан// Алматы, 2018. – С. 81
8. Нурпеисов Д.К. Теоретико-правовые проблемы обеспечения национальной безопасности в Республике Казахстан// Алматы, КазНУ им.аль-Фараби, 2013 – С. 3-4 
9. Омарова М.А. Ақпараттық қауіпсіздік - Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа бағыты// КазҰПУ Хабаршы, Алматы, 2020 – С.21-22