АНА МЕН НӘРЕСТЕ ӨЛІМ-ЖІТІМІНІҢ ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ МЕН ОНЫ ТУДЫРАТЫН ФАКТОРЛАРДЫ ТАЛДАУ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №16(325)
Рубрика: Медицина и фармацевтика

Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №16(325)
АНА МЕН НӘРЕСТЕ ӨЛІМ-ЖІТІМІНІҢ ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ МЕН ОНЫ ТУДЫРАТЫН ФАКТОРЛАРДЫ ТАЛДАУ
Жұмыстың өзектілігі: Ана мен нәресте өлім-жітімі — денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен қоғамның әлеуметтік даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Дүниежүзілікфденсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы есебіне сәйкес, әлемде жүктілік пен босану кезінде 287 000-нан астам әйел қайтыс болады. Қазақстанда да бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр: 2022 жылы ана өлім-жітімі 100 000 тірі туылған балаға шаққанда 13,5 құраса, нәресте өлім-жітімі 1000 тірі туылғанға 7,68 болды. Бұл көрсеткіштер елімізде денсаулық сақтау саласындағы және әлеуметтік жағдайды жақсартудың қажеттілігін көрсетеді. Осыған байланысты, аталмыш тақырыпты зерттеу қазіргі заманғы қоғамдық ғылым мен медицинаның маңызды мәселесіне айналады. Осыған байланысты, ана мен нәресте өлімінің себептерін талдау, қауіп факторларын анықтау және алдын алу шараларын жетілдіру қазіргі медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы аса өзекті міндеттердің бірі болып табылады.
Қазақстанның әлемдік рейтингінде ана өлім-жітімі бойынша 42-орында, ал нәресте өлім-жітімі бойынша 79-орында тұр. Бұл көрсеткіштер еліміздің денсаулық сақтау саласында айтарлықтай прогресс болғанын, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екенін көрсетеді.
Жұмыстың негізгі мақсаты: Ана мен нәрестенің өлім-жітіміне әсер ететін факторларды анықтап, талдау.
Зерттеу материалдары мен әдістері: Зерттеу барысында ана мен нәресте өлім-жітіміне қатысты 30-дан астам заманауи дереккөз қолданылды. Олардың қатарында Google* Scholar, Scopus, ДДҰ, ЮНИСЕФ, UNFPA, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері: 2021 жылғы деректерге сәйкес, ана өлімінің негізгі себептері ретінде преэклампсия, босану кезіндегі немесе одан кейінгі қан кету және ауыр инфекциялық асқынулар анықталған. Мұндай жағдайларда медициналық көмекке қолжетімсіздік немесе кешігіп шешім қабылдау өлім қаупін арттырады.
Әсіресе, ресурсы шектеулі аймақтарда бұл қауіп күшейеді. Қосалқы аурулар, мысалы, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары мен гипертензия да асқынулардың жиілігін арттырады.
Ауылдық жерлерде акушер-гинеколог мамандардың жетіспеушілігі мен босану бөлімдерінің төмен материалдық жағдайы ана өлім-жітімінің жоғары болуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, кейбір өңірлерде санитарлық авиацияның шектеулі болуы күрделі жағдайдағы жүкті әйелдерді қажетті медициналық мекемелерге уақтылы жеткізуге кедергі келтіреді. ҚР Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы деректері бойынша, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында ана өлім-жітімі деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл мәселеде тек медициналық емес, әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық факторлардың да маңызы зор.
Нәресте өлім-жітімінің негізгі себептері Қазақстанда шала туылу, туа біткен даму ақаулары, перинаталдық асқынулар мен инфекциялық аурулар болып табылады. 2022 жылы шала туылған нәрестелердің денсаулығы көбінесе өкпенің жетілмегендігі, иммундық жүйенің әлсіздігі мен жылу реттеу механизмдерінің бұзылуымен сипатталды. 2023 жылы шала туылған сәбилер арасындағы өлім деңгейі жоғары болды.
Туа біткен ақаулар, әсіресе жүрек-қан тамырлары мен жүйке түтігінің ақаулары көбінесе босанғаннан кейін алғашқы аптада кездеседі. Перинаталдық асқынулар (асфиксия, босану жарақаттары) мен инфекциялық аурулар (сепсис, пневмония, менингит) да өлім-жітім себептерінің қатарында.
Қорытынды: Қазақстандағы ана мен нәресте өлім-жітімі – күрделі және көпқырлы құбылыс. Соңғы онжылдықта ана өлім-жітімі 36,8-ден 13,7-ге дейін төмендегенімен, пандемия жылдары бұл көрсеткіш 2,8 есеге артқан. 2022 жылы 1000 тірі туылғанға шаққанда нәресте өлімі 7,68-ге жетті. Негізгі себептер арасында шала туылу, туа біткен ақаулар, перинаталдық асқынулар және инфекциялар бар.
Ауыл мен қала арасындағы медициналық теңсіздік, маман тапшылығы және инфрақұрылымның әлсіздігі жағдайды одан әрі қиындайды. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылғанымен, аймақтық алшақтық пен әлеуметтік факторлар олардың тиімділігіне әсерін тигізуде.
*По требованию Роскомнадзора информируем, что иностранное лицо, владеющее информационными ресурсами Google является нарушителем законодательства Российской Федерации – прим. ред.)
