ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДА КӘСІПОРЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЫНТАЛАНДЫРУ МОДЕЛЬДЕРІ
Конференция: CI Международная научно-практическая конференция «Научный форум: экономика и менеджмент»
Секция: Менеджмент

CI Международная научно-практическая конференция «Научный форум: экономика и менеджмент»
ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДА КӘСІПОРЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЫНТАЛАНДЫРУ МОДЕЛЬДЕРІ
МОДЕЛИ СТИМУЛИРОВАНИЯ ИННОВАЦИОННОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ ПРЕДПРИЯТИЙ В УСЛОВИЯХ ЦИФРОВОЙ ТРАНСФОРМАЦИИ
Султамуратова Кунсулу
магистрант, Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, Казахстан, г. Астана
Турмаханбетова Шакен Шолпанкуловна
научный руководитель, канд. экон. наук, исполняющий обязанности профессора, Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, Казахстан, г. Астана
MODELS FOR STIMULATING INNOVATION ACTIVITY OF ENTERPRISES IN THE CONTEXT OF DIGITAL TRANSFORMATION
Sultamuratova Kunsulu
Master’s student, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Kazakhstan, Astana
Turmakhanbetova Shaken Sholpankulovna
Scientific supervisor, Candidate of Economic Sciences, acting professor, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Kazakhstan, Astana
Аңдатпа. Бұл мақалада цифрлық трансформация жағдайында кәсіпорындардың инновациялық қыщметін ынталанлырудың теориялық және практикалық аспектілері талданады. Зерттеу барысында инновациялық белсенділікке әсер ететін факторлар, халықаралық және отандық модельдердің ерекшеліктері, сондай-ақ материалдық емес активтердің рөлі қарастырылды. Автор цифрлық идеяларды басқару платформасына негізделген кешенді инновациялық модельді ұсынып, рационализаторлық ұсыныстарды тиімді өңдеу, бағалау және коммерцияландыру тәсілдерін сипаттайды. Модель кәсіпорындардың инновациялық әлеуетін арттыруға және цифрлық өзгерістерге бейімделуін жеделдетуге бағытталған.
Аннотация. В статье рассматриваются особенности стимулирования инновационной деятельности предприятия в условиях цифровой трансформации. Исследование охватывает факторы, влияющие на инновационную активность, специфику зарубежных и отчественных моделей, а также значение нематериальных активов для повышения конкурентноспособности. Автором предложена комплексная цифровая модель стимулирования инновации, включающая систему управление идеями, алгоритмы оценки предложений и механизмы их последующей реализации. Представленная модель способствует повышению эффективности инновационных процессов и ускоряет адаптацию предприятий к цифровым знаниям.
Abstract. This article examines the mechanisms for stimulating innovation within enterprises under conditions of digital transformation. The study highlights key drivers of innovation activity, compares international and domestic approaches, and evaluates the role of intangible assets in strengthening competitiveness. The author proposes an integrated digital innovation-stimulation model that incorporates an idea-management platform, objective evaluation algorithms, and channels for pilot testing and commercialisation. The proposed framework aims to enhance innovation performance and support enterprises in accelerating their transition toward digital maturity.
Кілт сөздер. Цифрлық трансформация; инновациялық қызмет; ынталандыру моделі; рационализторлық ұсыныстар; цифрлық платформа; материалдық емес активтер; инновациялық экожүйе.
Ключевые слова. Цифровая трансформация; инновации; модель стимулирования; рационализаторские предложения; цифровые инструменты; нематериальные активы; инновационная среда.
Keywords. Digital transformation; innovation activity; stimulation model; idea management; intangible assets; digital tools; innovation ecosystem.
Қазіргі заманда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және олардың кәсіпорындардағы кеңінен қолданылуы бизнес-процестерді түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Цифрлық трансформация нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, ұйымдардың тиімділігін арттыру мен инновациялық әлеуетін дамыту мәселесін стратегиялық маңызды деңгейге шығарады. Осыған байланысты кәсіпорындардың инновациялық қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру және оны ынталандыру механизмдерін тиімді құру қазіргі таңдағы басты ғылыми және практикалық міндеттердің бірі болып отыр.
Инновациялық қызмет кәсіпорынға жаңа өнім түрлерін енгізуге, технологиялық процестерді жетілдіруге, басқару құрылымдарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл процестер ұйымның ішкі ресурстарын тиімді пайдалануға, қызметкерлердің шығармашылық қабілетін іске қосуға және стартегиялық мақсаттарға қол жеткізуді жеңілдетуге жағдай жасайды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, көпшілігі инновацияларды енгізу барысында әдістемелік, ұйымдастырушылық және қаржылық қиындықтарға тап болады, бұл олардың цифрлық өзгерістерге бейімделуіне кедергі жасап, бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері инновациялық қызметтің тиімділігін арттыру үшін кәсіпорындар тек материалдық ресурстармен шектелмей, сонымен қатар стратегиялық жоспарлау, жаңа технологияларды енгізу қабілеті, тәуекелдерді басқару және қызметкерлердің біліктілігін арттыру сияқты маңызды аспектілерді ескеруі қажет. Дұрыс енгізілген және тиімді басқарылған инновациялық жүйе кәсіпорынның цифрлық трансформацияны жеделдетуіне, бизнес-процестерді қайта құрылымдауға және ұйым ішіндегі инновациялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, цифрлық трансформация жағдайында инновациялық қызметті ынталандыру модельдерін қалыптастыру өте маңызды. Мұндай модельдер кәсіпорынның стратегиялық бағыттарына, нарықтық конъюнктураға, технологиялық даму деңгейіне және қызметкерлердің мотивациясына сәйкес құрылуы тиіс. Зерттеушілердің пікірінше, инновациялық қызметтің табысы тек жаңа технологияларды енгізуге байланысты емес, сонымен бірге қызметкерлердің шығармашылық белсенділігін арттыру, ұйымдық мәдениетті қалыптастыру және стратегиялық шешімдерді үйлестіру арқылы да қамтамасыз етеді.
Зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, цифрлық трансформация жағдайында кәсіпорындағы инновациялық қызметті ынталандыру модельдерін зерттеу өзекті мәселелердің бірі екеніне көз жеткізуге болады. Бұл тақырыптың практикалық маңызы – кәсіпорындарға инновацияларды жүйелі түрде енгізуге, бизнес-процестерді оңтайландыруға және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік беруінде. Осы зерттеу аясында ұсынылатын модельдер мен ұсыныстар кәсіпорындардың цифрлық өзгерістерге бейімделуін жеделдетіп, стратегиялық мақсаттарына тиімді қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Инновациялық қызмет – кәсіпорын өнімдері мен процестеріне жаңалық енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру үдерісі. XX ғасырдың басында Й.А.Шумпетер инновация ұғымын экономикалық дамудың қозғаушы күші ретінде тұжырымдап, оны «жаңа комбинациялар» деп сипаттаған. [1] Шумпетерден кейін әлемдік ғалымдар жабық немесе ашық инновация сияқты әртүрлі модельдерді ұсынған. Инновация мен ынталандыру мәселелері цифрлық трансформация дәуірінде жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибеде кәсіпорындардағы инновациялық белсенділікті арттырудың алғышарттарына айналуда.
Санданова секілді зерттеушілер инновациялық қызметтің тиімділігі кәсіпорын мен қызметкерлерді өзгерістер енгізуге ынталандыруға байланысты екенін атап көрсетеді. Ол еңбек мотивациясы мен кәсіпорын мотивациясы деңгейлерін бөліп, бәсеке, артық пайда, нарық көлемін арттыру сияқты факторлар инновацияны ілгерілететін мотивтер екенін айқындайды. Ал бәсекенің күшеюі инновацияның нәтижесі болуымен қатар, сол бәсекеде артықшылыққа жету құралы ретінде қызмет етеді және кәсіпорындар пайда табуға ұмтылып, инновацияға инвестициялар салады. Осылайша, классикалық көзқарастар бойынша инновациялық үдерісті ынталандыру үшін заңнамалық, қаржылық және институционалдық қолдау қажет деп саналады. [2]
Бүгінде жаһандық цифрлық даму жағдайында инновацияны басқару ерекше талданады. Цифрлық экономика термині алғаш рет XX ғасырдың аяғында қолданысқа енгізіліп, кейін оған ақпараттық технологиялар мен ғаламтордың дамуы үлкен септігін тигізді. Цифрлық трансформация – кәсіпорынның барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізіп, бизнес модельді қайта құру үдерісі. Ғалымдар атап өткендей, цифрлық технологияларды қолдану инновациялық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Цифрлық трансформация шағын және орта компаниялардың инновациялық үлгісін фазаларға бөлуге ықпал етеді: яғни бастапқы кезеңде кәсіпорын ішкі ресурстарды реттейді, кейін сол ресурстарды біріктіріп, көпжақты инновациялық экожүйеге өтеді. Сондықтан кәсіпорындар инновацияға көшу үшін цифрлық трансформацияны басты құрал ретінде қарастырады, ол өз ретінде ресурстарды оңтайлы жеткізуге және инновацияларды жылдам енгізуге жағдай жасайды. [3]
Цифрлық трансформация жағдайында кәсіпорындардың инновациялық қызметін ынталандыру мәселесі халықаралық ұйымдар тарапына да кең зерттелуде. OECD ұсынған Осло нұсқаулығы инновацияларды 4 бағыт бойынша, оның ішінде ұйымдастырушылық, маркетингтік, тауарлық, процестік деп жіктеп, өлшеу, бағалау тәсілдерін жүйелеп, компаниялардың инновациялық белсенділігін қалыптастырудың ғылыми негізін ұсынады. [4] Әлемдік компаниялар кеңінен қолданатын ашық инновациялар Чесброу еңбегінде инновациялық әлеуетті күшейтудің тиімді механизмі ретінде сипатталады. [5] Ал Портердің бәсекелестік артықшылық теориясы инновацияны кәсіпорынның нарықтағы орны мен ұзақ мерзімді стратегиясының негізгі элементі ретінде қарастырады. [6]
Отандық ғалымдардың зерттеулері бойынша елімізде инновациялық белсенділікті арттыру мемлекет деңгейінде қабылданатын саясат, заңнамалық тетіктер, бағдарламалар арқылы іске асырылады. 2020-2025 жылдарға арналған «Индустриалдық-инновациялық даму концепциясы», ғылыми жобаларға бөлінетін гранттар, салықтық жеңілдіктер мемлекеттік қолдаудың бірден бір дәлелі.[7] БҰҰ-ның халықаралық цифрландыру көрсеткіштері Қазақстанның цифрлық экожүйені дамытуда айтарлықтай институттандырылған серпінге ие екенін айғақтайды. Жаһандық бағалау шеңберінде еліміз 193 елдің ішінде 24-орыннан көрініп, электрондық қызметтерді ұсыну деңгейі бойынша көшбасшы мемлекеттердің алғашқы ондығына кірді. Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияларды кеңейту нәтижесінде қызметтердің шамамен 92%-ы электронды форматта ұсынылады.[8]
Цифрландыру жағдайындағы инновациялық қызмет – экономикалық өсім мен бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторларының бірі. Жаһандық инновациялық индекс (GII) мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан инновация деңгейі бойынша 2025 жылы 132 елдің ішінде 81-орынға ие болды. 1-кестеде GII деректері бойынша Қазақстанның соңғы бесжылдықта инновация деңгейі және инновациялық кірістер мен инновациялық нәтижелер рейтингі көрсетілген. (1-кесте)
Кесте 1.
Жаһандық инновация индексі (GII) бойынша Қазақстанның 2021-2025 жж. орналасу рейтингі [9]
|
Жыл |
Рейтинг |
Инновациялық кірістер |
Инновациялық нәтижелер |
|
2021 ж. |
79 орын |
61 орын |
101 орын |
|
2022 ж. |
83 орын |
65 орын |
97 орын |
|
2023 ж. |
81 орын |
68 орын |
87 орын |
|
2024 ж. |
78 орын |
72 орын |
83 орын |
|
2025 ж. |
81 орын |
75 орын |
84 орын |
Ескерту – [9] дереккөз негізінде құрастырылған
Кестеден көріп отырғанымыздай, 2021-2025 жылдардағы динамикада еліміздің жалпы индекс бойынша орны жыл сайын аздап ауытқып отырған. Ал инновациялық әлеует екі негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады: инновациялық кірістер және инновациялық нәтижелер. Қазақстан 2025 жылы инновациялық ресурстар мен жағдайлар бойынша 75-орында тұрғанымен, өткен жылға қарағанда төмен. Ал инновациялық нәтижелер бойынша 84-орынды иеленіп, өткен жылғы деңгейден де нашарлаған. Бұл 2025 жылы инновациялық нәтижелердің инновациялық кірістерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін көрсетеді.
Қазақстандағы материалдық емес активтерге тәуелді компаниялар цифрлық трансформация мен инновациялық қызметті дамытуда маңызды рөл атқарады. Мұндай активтерге интеллектуалдық меншік, IT-инфрақұрылым, цифрлық платформалар, бренд құны мен технологиялық ноу-хаулар жатады. Олар кәсіпорындардың инновациялық қызметті белсенді енгізуіне, жаңа өнімдер ен қызметтерді дамытуға және ішкі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қазақстандағы ең жоғары материалдық емес активтер үлесіне ие топ-5 кәсіпорын берілген (2-кесте):
Кесте 2.
Материалдық активтердің үлесі бойынша Қазақстандық топ-5 компания [9]
|
Рейтинг |
Компаниялар |
Үлесі, % |
|
1 |
AKER BP ASA |
94,39 |
|
2 |
Kaspi.kz |
82,39 |
|
3 |
Қазатомпром |
80,23 |
|
4 |
Freedom Holding Corp/NV |
24,94 |
|
5 |
Қазақтелеком |
23,94 |
Ескерту – [9] дереккөз негізінде құрастырылған
2025 жылғы деректер бойынша AKER BP ASA, Kaspi.kz және Қазатомпромпром сияқты компаниялар инновациялық қызметті белсенді жүргізеді. Басқа ұйымдар – ішкі инновациялық бастамаларды қолдау мен цифрлық шешімдерді енгізу арқылы өз үлесін қосады. Материалдық емес активтері жоғары кәсіпорындарда инновациялық қызметті ынталандыру моделі бірнеше негізгі элементтерден тұрады: цифрлық платформаларлы енгізу, R&D жобаларды қолдау, процестерді автоматтандыру және қызметкерлердің шығармашылық бастамаларын ынталандыру.
Материалдық емес активтері жоғары компаниялардың инновациялық белсенділігі жоғары болғанымен, Қазақстанның бірқатар кәсіпорындарында инновацияны енгізуге арналған институционалдық құрылвмның жеткіліксіздігі және арнайы рационализаторлық шешімдерді қолдайтын модельдердің болмауы қиындық тудырады. Шетелдік тәжірибеде бұндай әмбебап модельдер кеңінен қолданылады. Ашық инновациялар моделі бойынша компаниялар жаңа технологияларды әзірлеуде немесе жетілдіруде университеттік зерттеу орталықтарын, сыртқы ресурстарды, стартаптарды пайдаланады. Бұл модель әсіресе АҚШ, Еуропа және Корея кәсіпорындары үшін тиімді болып табылады. [10] М.Портердің кластерлік даму моделі инновациялық кәсіпорындардың географиялық шоғырлануы арқылы технологиялық ынтымақтастықты күшейтуді мақсат етеді. Мысал ретінде, Германиядағы автомобиль, Жапониядағы робототехника кластерлерін жатқызуға болады. [11] Сонымен қатар, университет, бизнес және мемлекет өзара байланысы инновациялық экожүйені құрайтын Triple Helix моделі зерттеу нәтижелерінің өндірістік секторға тез өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. [12] Көптеген шетелдік компанияларда инновациялық қызметті ынталандыру тетіктерін ішкі және сыртқы ынталандырулар деп бөліп қарастырады. Қазақстанда инновациялық жобалар бойынша алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, салықтық жеңілдіктер сияқты сыртқы ынталандырулар қолданылуда. Инновациялық қызметті ынталандыру модельдерінде кластерлік және экожүйелік тәсілдер кеңінен қолданылуда. Оның ішінде Astana Hub технопарктері мен өңірлік IT-хабтар кәсіпорындарға арналған эксперименттік алаң болып табылады және халықаралық және отандық қаржыландыру көздеріне қол жеткізуге ынталандырады. Алайда, кәсіпорындардың ішкі ынталандыру жүйесі, яғни, жаңа идеяларды қолдау, рационализаторлық шешімдер үшін сыйақы беру сияқты құралдарды қолдану біздің елімізде әлі ле даму үстінде. Сондықтан инновациялық қызметті ынталандыру тетіктерін жетілдіре отырып, ішкі және сыртқы ынталандыру модельдерін интеграциялайтын кешенді модель ұсыну өзекті болып табылады.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылы елдегі кәсіпорындардың тек 11,9%-ы ғана инновациялық белсенді болған, ал рационализаторлық ұсыныстардың едәуір бөлігі өндірістік тәжірибеде іске асырылмайды.[12] Зерттеу бойынша негізгі проблемалар – қызметкерлердің инновациялық ұсыныстарын тіркеу мен өңдеудің цифрлық жүйесінің болмауы, мотивацияның жеткіліксіздігі, рационализаторлық шешімдердің коммерцияланбауы, инновация мен цифрландыру арасындағы байланыстың әлсіздігі. Осы мәселелерлі шешу мақсатында автор тарапынан кешенді цифрлық - инновациялық ынталандыру моделі ұсынылады (3-кесте).
Кесте 3.
Кешенді цифрлық инновациялық ынталандыру моделінің құрылымдық элементтері
|
Компонент |
Мазмұны |
Шешілетін мәселе |
|
Цифрлық идеяларды басқару платформасы |
Қызметкерлердің рационализаторлық ұсыныстарын онлайн тіркеу, автоматты сандық хаттама жүргізу |
Идеялардың жоғалуы, ақпараттың жүйесіздігі |
|
Инновациялық ұсыныстарды бағалау алгоритмі |
Экономикалық тиімділік пен өндірістік әсерді есептейтін алгоритм |
Бағалау процесінің субъективтілігі |
|
Ынталандыру және мотивация жүйесі |
Материалдық және материалдық емес сыйақылар, ішкі рейтинг |
Қызметкерлер белсенділігінің төмендеуі |
|
Пилоттық тестілеу орталығы |
Ұсыныстарды шағын ауқымда тәжірибелік сынақтан өткізу |
Жүзеге асыру тәуекелдерінің жоғарылығы |
|
Коммерцияландыру арнасы |
Патенттеу, масштабтау, мемлекеттік гранттар мен акселерацияға шығу |
Инновациялардың толық іске аспауы |
|
Мониторинг және тиімділікті бағалау жүйесі |
KPI арқылы нәтижелерді бақылау және аналитикалық есеп |
Басқарушылық бақылаудың әлсіздігі |
Ескерту – автормен құрастырылған
Бұл кесте ұсынылған модельдің функционалдық элементтерін жүйелі түрде көрсетеді. Компоненттердің үйлесімді өзара әрекеті кәсіпорындағы инновациялық белсенділіктің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Кесте 4.
Рацонализаторлық ұсыныстарды басқарудың дәстүрлі және цифрлық тәсілдерін салыстырмалы талдау
|
Көрсеткіш |
Дәстүрлі тәсіл |
Ұсынылған модель |
|
Ұсыныс беру форматы |
Қағаз, ауызша хабарлау |
Онлайн тіркеу, автоматтандырылған құжаттама |
|
Қарастыру уақыты |
1-3 ай |
7-14 күн |
|
Бағалау әдісі |
Сапалық, субъективті |
Сандық көрсеткіштерге негізделген бағалау |
|
Шешім қабылдау жылдамдығы |
Төмен |
Жоғары |
|
Мотивация |
Шектеулі, эпизодтық |
Жүйелі сыйақы, рейтинг, баллдық жүйе |
|
Нәтижені бақылау |
Жүйесіз |
KPI негізінде жүйелі мониторинг |
Ескерту – автормен құрастырылған
Кесте екі түрлі басқару тәсілін салыстыру арқылы цифрлық модельдің артықшылықтарын нақты көрсетеді. Цифрлық тәсіл уақытты қысқартып, инновацияны енгізу мүмкіндігін арттырады.
5-кестеде цифрлық құралдардың инновациялық қызметті ынталандырудағы негізгі функциялары көрсетілген (5-кесте).
Кесте 5.
Инновациялық қызметті ынталандыруда қолданылатын цифрлық құралдар
|
Цифрлық құралдар |
Инновацияны қолдау қызметі |
|
Ынтымақтастық құралдар |
Коммуникацияны жеделдету, идеялармен бөлісу (мысалы, MC Teams) |
|
Идеяларды басқару жүйелері |
Brightidea сияқты қызметкерлер ұсыныстарын жинау және оларды бағалау құралдарын қолдану |
|
Оқыту және білім беру платформалары |
Қызметкерлерді жаңа технологияларға үйрету |
|
VR, AR құралдары |
Жаңа өнімдерді прототиптеу, қашықтықтан оқыту мен тренингтер жүргізу |
Ескерту – автормен құрастырылған
Ұсынылған кешенді цифрлық инновациялық ынталандыру моделі Қазақстандық кәсіпорындарға инновациялық белсенділік пен өндіріс тиімділігін арттырудың кешенді жүйесін ұсынады. Модельдің ғылыми жаңалығы – цифрлық технологиялар арқылы кәсіпорын қызметкерлерінің рационализаторлық ұсыныстарын жинақтап, сараптап және бағалайтын механизмді енгізуінде. Бұл тәсіл бойынша алғаш рет инновациялық идеялар сандық платформада өңделіп, олардың жүзеге асырылуы мен экономикалық әсері нақты деректер негізінде бағаланады.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, цифрлық трансформация кәсіпорындардың инновациялық дамуын жеделдететін негізгі факторларлың біріне айналды. Алайда инновацияны енгізу тек технологиялық жаңғырумен шектелмей, жүйелі ынталандыру тетіктерін талап етеді. Ұсынылған кешенді цифрлық инновациялық модель рационализаторлық ұсыныстарды басқаруды автоматтандыруға, бағалау үдерісін нақты деректерге негіздеуге және инновациялардың коммерциялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін күшейтіп қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін, ұйымдық икемділігін және цийрлық өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан модельді кәсіпорындар тәжірибесіне енгізу инновациялық экожүйені дамытуға және ұлттық экономикадағы технологиялық жаңғыртуға маңызды үлес қоса алады.


