ФИЗИКАНЫ ОҚЫТУДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЭТНОПЕДАГОГИКАНЫҢ МАҢЫЗЫ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №17(284)
Рубрика: Физико-математические науки
Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №17(284)
ФИЗИКАНЫ ОҚЫТУДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЭТНОПЕДАГОГИКАНЫҢ МАҢЫЗЫ
THE IMPORTANCE OF NATIONAL VALUES AND ETHNOPEDAGOGY IN TEACHING PHYSICS
Indira Sauranbekova
Master`s degree, West Kazakhstan University named after M. Otemisov, Kazakhstan, Uralsk
Аңдатпа. Бұл мақалада физиканы оқытудағы қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен этнопедагогикасының маңызы туралы айтылады. Қазақ халқының ғасырлар бойы баланы адамгершілікке тәрбиелеуде жинақтаған тәжірибесі, атадан балаға, өмір бойына мұра болып қалмақ. Халық педагогикасына негізделген халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, мақал-мәтелдер, ырымдар мен тыйымдары қаншама. Бүгінде осының бәрін білмей өскелең ұрпақты тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында физиканы оқытуда қазақ этнопедагогикасын қолданамыз.
Abstract. This article talks about the importance of national values and ethnopedagogy of the Kazakh people in teaching physics. The experience of the Kazakh people in the humane education of children over the centuries will be inherited from father to son for life. How many national traditions and customs, proverbs, superstitions and prohibitions of our people are based on folk pedagogy. Today it is impossible to educate the younger generation without knowing all this. Therefore, in order to glorify our national values, we use Kazakh ethnopedagogy in teaching physics.
Кілттік сөздер: ұлттық құндылықтар, этнопедагогика, физиканы оқыту.
Keywords: national values, ethnopedagogy, physics teaching.
Қазіргі уақытта білім беру қарқынды дамып, әр уақытта жаңа технологиялармен толтырылуда. Педагогикалық үрдіске тиімді бағыттар мен жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу барысында инновациялық әдістер ерекше шабыт әкелді. Дегенмен, жаһандану заманында әр мемлекет өзінің менталитеті мен ұлттық ерекшеліктерін сақтауға тырысады. Ал біздің еліміз Қазақстанды бұл үрдістен (жаһанданудан) уақыт өте қалыптасып, шыңдалған ұлттық құндылықтарымыз құтқарады.
Ұлттық құндылықтар – бұл біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, халқымыздың мәдениеті мен өнері. Жаңа ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда ұлттық құндылықтарды озық технологиялармен байланыстыра отырып, әрбір жасты елінің патриот, өзіне сенімді тұлға етіп тәрбиелеу қажет. Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев: «Тәрбиеші баланы осы бала қай ұлтқа жататын, өзі өмір сүретін, сол үшін өмір сүретін, жасайтын ұлттың рухында тәрбиелеуге міндетті» десе, қазақ ғалымы Жүсіпбек Аймауытов: «Мектеп түлегі бүкіл әлемге, өзгеге, өз өміріне білімді адамның саналы көзқарасымен қарайтын болса – тәрбиенің басты, ең басты мақсаты айқын болады. Мектеп болашақта жас тұлғаның дамуы үшін осы бағытта берік іргетас құруы керек» деп айтқан болатын [1].
Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде кездесіп қалатын кейбір элементтерді физика сабағына қолдануға болады. Біз осыдан жазу-сызуы болмаған халқымыздың табиғат құбылыстарын дұрыс түсіне білгендігін, көргендігін, данышпандығын аңғарамыз [3]. Мысалы, 7-сыныпта “Диффузия құбылысы” тақырыбын өткенде айран ұйыту, құрт қайнату, нан ашыту қалай орындалатынын айтып кеткен орынды. Айран ұйытқанда немесе нан ашытқанда судың жылы болуы , температура жоғарсайын молекулалардың бір заттан екінші затқа өтуі шапшаң жүретінін көреміз.
Ал 8-сыныпта “Жылу өткізгіштік” тақырыбын оқытқанда малдың, аңның терілерінен тіккен киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын білгенін, осыны байланыстырып, ішік тігіп кигенін түсіндіру керек. Осы сыныпта “сәуле шығару” тақырыбын өтеді. Сол сабақты өткен кезде не үшін киіз үйге ақ киіз жабылатынын, не себепті ақ киім киетінін нақты мысалдар арқылы дәлелдесе оқушылардың жадысында тақырып ұзақ сақталатын болады.
Бүгінде ұлтттық педагогика арқылы білім беру күн санап өсіп келеді. Оқу орындарында физиканы қазақ мақал-мәтелдері арқылы оқытудың тиімді әдістерінің бірі. Яғни, мақал-мәтелдер, аңыздар, ертегілер арқылы физикалық заңдылықтар мен құбылыстарды түсіндіру. Бұл әдісті қолдана отырып, физиканы оқушыға оңай түсіндіруге болады. Сонымен қатар қазақ этнопедагогикасын қолдану арқылы оқушылардың логикалық, танымдық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік аламыз. Біз барлық физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды ұлттық құндылықтарымыз арқылы түсіндіре алмаймыз, бірақ балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, күрделі тақырыпты түсінуді жеңілдетуге болады.
Қазақ халқының тәрбие дәстүрі басқа халықтардың салт-дәстүрінен кем емес. Бұл өскелең ұрпақты баға жетпес халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар рухында тәрбиелей отырып, олардың бойына жеке тұлға, ұлтжанды, азамат болып қалыптасуының маңызды негіздерін сіңіруіміз керек деген сөз[1].