АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ СЕБЕПТЕРІ, ГРАНТ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ: ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №40(307)
Рубрика: Экономика
Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №40(307)
АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ СЕБЕПТЕРІ, ГРАНТ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ: ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ
Аңдатпа. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға қызығушылықтың төмендеуі мен педагогикалық кадрлардың тапшылығы Қазақстан қоғамында өзекті мәселеге айналған. Бұл зерттеу Астана халықаралық университеті Педагогикалық институты студенттері мен түлектерінің педагогикалық мамандықты таңдау себептерін, грант жүйесінің тиімділігін және олардың еңбек нарығындағы жағдайын анықтауға бағытталған. Зерттеу барысында сауалнама және статистикалық деректерді талдау әдісі қолданылды, оның нәтижелері гранттық жүйенің педагогикалық мамандықты таңдаудағы маңызды рөлін және жұмысқа орналасу тәжірибесін көрсетеді. Мақалада гранттық жүйенің тиімділігін арттыру үшін еңбек нарығының сұраныстарын ескеруді, сондай-ақ студенттердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Зерттеу педагогикалық мамандықтарды таңдаудың әлеуметтік және экономикалық аспектілерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Кілттік сөздер: педагогикалық мамандық; педагогикалық бағыт; түлектер; грант жүйесі; еңбек нарығы; жұмысқа орналасу; әлеуметтік қолдау; мансаптық даму; білім беру.
Кіріспе
Қазіргі таңда педагогикалық мамандықтардың Қазақстандағы білім беру жүйесінде үлкен маңызы бар екені белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары педагогикалық мамандыққа қызығушылықтың төмендеуі, педагогикалық кадрлардың тапшылығы мен жұмысқа орналасу мәселелері қоғамда өзекті мәселелерге айналып отыр. Қазақстанда мемлекеттік гранттар мен ЖАО гранттары педагогикалық мамандықтарға бөлініп, осы саланың дамуына қаржылай қолдау көрсетілуде. Алайда грант жүйесінің тиімділігі мен педагогикалық мамандықты таңдаған студенттердің жұмысқа орналасуы туралы нақты деректер мен пікірлер жеткіліксіз. Бұл зерттеу Астана халықаралық университеті Педагогикалық институты студенттері мен түлектерінің педагогикалық мамандықты таңдау себептерін, грант жүйесінің тиімділігін және олардың еңбек нарығындағы жағдайын зерттеуге арналған. Бұл мақаланы жазуда авторлар жалпығылыми сауалнама әдісін қолданды. Аталған зерттеу негізінен студенттер арасында сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылған зерттеуге сүйенеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері
Зерттеу мақсаты – Астана халықаралық университеті Педагогикалық институты студенттері мен түлектерінің педагогикалық мамандықты таңдаудағы негізгі себептерін, грант жүйесінің тиімділігін және олардың еңбек нарығындағы жұмысқа орналасу тәжірибесін анықтау.
Зерттеу міндеттері:
1. Студенттердің педагогикалық мамандықты таңдау себептерін талдау.
2. Мемлекеттік гранттар мен ЖАО гранттарының студенттердің мамандық таңдауына әсерін бағалау.
3. Грант жүйесінің тиімділігін және оның еңбек нарығындағы қайтарымдылығын талдау.
4. Түлектердің жұмысқа орналасу тәжірибесі мен еңбек нарығындағы жағдайын зерттеу.
Әдебиеттерге шолу
Гранттық жүйе білім беру саласындағы кадрларды даярлаудың негізгі құралы болып табылады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл жүйе Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, мамандарды дайындауда мемлекеттік қолдаудың маңызды механизмі ретінде жұмыс істейді. «Анализ распределения государственного образовательного заказа в Республике Казахстан» мақаласында авторлар мемлекеттік білім беру тапсырысының білім беру ұйымдарының сұраныстарын қанағаттандыруға, ғылыми әлеуетті арттыруға және азаматтардың білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап көрсетеді. Дегенмен, жүйе еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне толық жауап бере алмайды, бұл түлектердің жұмысқа орналасуында қиындықтар туғызуы мүмкін .
Гранттар арқылы әлеуметтік осал топтарға білім алу мүмкіндігін ұсыну — бұл жүйенің маңызды артықшылықтарының бірі. Гранттар әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етіп, студенттердің әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары білім алуға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ауыл жастарына, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және басқа да әлеуметтік осал топтарға қатысты маңызды.
Сонымен қатар, мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесінің белгілі бір кемшіліктері де бар. Біріншіден, қазіргі гранттық жүйе көбінесе академиялық жетістіктерге ғана бағытталады, бұл еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерді ескермеуге әкеледі. Екіншіден, жүйеде жұмыс берушілер мен өңірлердің ұзақ мерзімді сұраныстары жеткілікті деңгейде зерттелмейді. Осыған байланысты авторлар еңбек нарығының сұраныстарын жүйелі түрде зерттеуді және мемлекеттік тапсырысты осы қажеттіліктерге сәйкес бейімдеуді ұсынады.
Педагогикалық мамандықтарды таңдауда гранттық жүйенің әсері ерекше байқалады. Тәжірибелер көрсеткендей, студенттердің басым көпшілігі гранттар арқылы қаржылай қолдаудың арқасында педагогикалық бағытты таңдайды. Бұл әсіресе ауылдық өңірлерден шыққан жастар арасында айқын көрінеді. Сонымен бірге, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, педагогикалық мамандыққа деген қызығушылықты арттыру үшін тек гранттарды ұсыну жеткіліксіз; студенттердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсарту және жалақы деңгейін көтеру қажет.
Қазақстанда мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесін жетілдіру үшін бірнеше шаралар ұсынылады. Біріншіден, гранттық жүйені жоспарлау кезінде еңбек нарығының қажеттіліктерін ұзақ мерзімді болжауға баса назар аудару қажет. Екіншіден, өңірлік ерекшеліктер мен экономикалық даму қарқынын ескере отырып, кадрларды даярлауды тиімді ұйымдастыру керек. Үшіншіден, түлектердің жұмысқа орналасуын бақылау механизмдерін енгізу маңызды. Бұл ұсыныстар гранттық жүйенің тиімділігін арттырып, білім беру сапасын жақсартуға септігін тигізеді [1].
Деканаттан алынған статистикалық мәліметтер
2024-2025 оқу жылы бойынша Астана халықаралық университеті Педагогикалық институты факультетінде гранттар мен ақылы бөлімдер бойынша келесі мәліметтер бар:
1 курс студенттерінің жалпы саны: 1383, оның ішінде ЖАО грантында 239 студент, 732 студент мемлекеттік грантта оқиды, 412 студент ақылы негізде оқиды.
2 курс студенттерінің жалпы саны: 890, оның ішінде 473 студент ЖАО грантында оқиды, 239 студент ақылы негізде , 285 студент мемлекеттік грантта оқиды.
3 курс студенттерінің жалпы саны: 604, оның ішінде ЖАО грантында 267 студент, 455 студент мемлекеттік грантта оқиды, 181 студент ақылы негізде оқиды.
4 курс студенттерінің жалпы саны: 532, оның ішінде ЖАО грантында 210 студент, 91 студент мемлекеттік грантта оқиды, 131 студент ақылы негізде оқиды.
Бұл статистика студенттердің гранттық жүйе бойынша бөліну динамикасын көрсетеді, әсіресе ЖАО гранттарының үлесі 2-ші және 3-ші курс студенттері арасында айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді (Сурет 1).
Сурет 1. Деканаттан алынған статистикалық мәліметтер бойынша диаграмма
Әдіснама
Зерттеу әдіснамасы ретінде сауалнама және статистикалық деректер талдауы пайдаланылды. Сауалнама 58 студент және 14 түлек арасында жүргізілді. Сауалнамада 11 жабық және 2 ашық сұрақтар қамтылған. Жабық сұрақтар студенттердің мамандықты таңдау себептері, оқу қаржыландыру түрі, педагогикалық пәндерге қызығушылығы, жұмысқа орналасу жоспарлары, сондай-ақ гранттық жүйе туралы көзқарастарын анықтауға бағытталды. Ашық сұрақтарда студенттер мен түлектердің оқу процесі мен қолдау қажеттіліктеріне қатысты пікірлері алынған. Сауалнама нәтижелері 1-қосымшада көрсетілген.
Нәтижелер
1. Грант пен ақылы оқудың арақатынасы:
Сауалнама нәтижелері бойынша, 1 курс студенттерінің 70%-ы грантта оқиды, ал ақылы бөлімде оқитындардың үлесі 30% құрайды. 4 курс студенттері арасында грантта оқитындардың үлесі 57%-ға төмендеген, бұл гранттық жүйенің тиімділігін немесе түлектердің басқа салаларда жұмыс істеуге көшуін білдіруі мүмкін.
2. Студенттердің мамандықты таңдау себептері:
Сауалнама нәтижелері бойынша, студенттердің басым көпшілігі (53,4%) педагогикалық мамандықты қоғамда сұранысқа ие болуы және қаржылық қолдау (гранттар) арқылы таңдаған. 36,2%-ы бұл мамандықты балалық арманымен таңдағанын атап өтті, ал 20,7%-ы ҰБТ нәтижелері бойынша тек осы мамандыққа түсу мүмкіндігі болғанын айтты.
3. Болашақ жұмысқа орналасу жоспарлары:
Студенттердің болашақ жұмысқа орналасу жоспарлары арасында 66,7%-ы педагогикалық салада мансап құруды жоспарлап отыр, ал 33,3%-ы басқа салаға ауысуды қарастыруда. Бұл нәтижелер студенттердің педагогика саласында жұмыс істеуге деген қызығушылығын көрсетеді, алайда жұмысқа орналасу және жалақы мәселелері негізгі кедергілер ретінде қарастырылады.
4. Түлектердің жұмысқа орналасу тәжірибесі:
Түлектердің жұмысқа орналасу тәжірибесіне негізделген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, түлектердің 78,6%-ы 1-3 ай ішінде жұмыс тапқан. Тек 3 түлек бірден жұмысқа орналасты. Ең көп кездесетін қиындықтар: тәжірибенің жоқтығы (5 респондент), жалақының төмендігі (4 респондент) және жұмыс орнының жоқтығы (3 респондент) болды.
Теориялық негіздер
1. Мансаптық теориясы (Career Development Theory):
Дональд Супердің мансаптың даму теориясы адамның кәсіби таңдауын және мансаптық дамуын түсінуде маңызды рөл атқарады. Бұл теория бойынша, адамның өмірінде кәсіби таңдау оның жеке өмірлік мақсаттарымен, армандарымен және әлеуметтік қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Студенттердің педагогикалық мамандықты таңдауында осы факторлар шешуші рөл атқарады. Сауалнама нәтижелері бұл теорияны растайды, өйткені студенттердің көпшілігі педагогикалық мамандықты қоғамда сұранысқа ие және қаржылық қолдауға ие болғандықтан таңдаған [2].
Қолданылуы:
- Педагогикалық мамандықты таңдау себептерін түсіндіру: Студенттердің мамандықты таңдауда әлеуметтік қажеттіліктері мен кәсіби мақсаттары арасындағы байланыс.
- Түлектердің еңбек нарығындағы жағдайы: Түлектердің педагогикалық саладағы жұмысқа орналасу мәселелерін және мансаптық даму жолдарын анықтау.
2. Мотивтер мен шешім қабылдау теориясы (Motivation and Decision-Making Theory):
Бұл теория шешім қабылдау үдерісінде ішкі және сыртқы факторлардың әсерін зерттейді. Студенттердің педагогикалық мамандықты таңдауы мен жұмысқа орналасуы барысында түрлі мотивтер мен шешім қабылдаудың нәтижесі болып табылады. Сауалнама нәтижелері студенттердің көптеген себептермен педагогикалық мамандықты таңдағанын көрсетті, бірақ қаржылық қолдау мен еңбек нарығындағы жағдай жұмысқа орналасу тәжірибесіне әсер еткен басты факторлар болды [3].
Қолданылуы:
- Мамандықты таңдау және шешім қабылдау: Студенттердің шешім қабылдауында қаржылық көмек (гранттар) мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің рөлі.
- Жалақы деңгейі мен жұмысқа орналасу мәселелері: Түлектердің еңбек нарығында кездескен қиындықтарын талдау.
Талқылау
Мансаптың даму теориясы мен Мотивтер мен шешім қабылдау теориясы негізінде педагогикалық мамандықты таңдаған студенттер мен түлектердің шешімдері мен көзқарастарын талқылау барысында бірнеше маңызды тұжырым жасалды. Мансаптық даму теориясы бойынша, студенттер өз кәсіби таңдауын тек қаржылық факторлармен ғана емес, сондай-ақ жеке өмірлік мақсаттарымен де байланыстыра аламыз. Бұл теорияны қолданып, педагогикалық мамандықты таңдаған студенттердің шешімдерін түсіндіру оңайға соғады.
Мотивтер мен шешім қабылдау теориясы тұрғысынан қарағанда, студенттердің педагогикалық мамандықты таңдауы олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына тәуелді екеніне көз жеткізе аламыз. Гранттық көмек пен жұмысқа орналасу мәселелері шешім қабылдаудың негізгі факторлары болып табылады. Сауалнама нәтижелерінде көрсетілгендей, студенттер педагогикалық мамандықты таңдағанда қаржылық қолдау мен әлеуметтік жағдайды басты назарға алады. Мәселен, грант жүйесі студенттердің педагогикалық мамандықты таңдаудағы ең негізгі қозғаушы күшке айналғанын байқаймыз. Алайда, олардың болашақтағы мансаптық дамуында еңбек нарығындағы сұраныс пен жалақы мәселелері маңызды рөл атқаратыны анықталды. Түлектердің жұмысқа орналасу барысында кездескен қиындықтар, әсіресе тәжірибенің жетіспеушілігі мен жалақының төмендігі, олардың басқа салаға ауысуына себеп болады.
Мансаптың даму теориясы мен Мотивтер мен шешім қабылдау теориясында байқағанымыздай, студенттердің мамандықты таңдауында әлеуметтік және экономикалық факторлардың ықпалы зор. Бірақ, педагогикалық мамандықтың болашақтағы мансаптық мүмкіндіктері мен жалақы деңгейі түлектердің мамандық таңдауға деген көзқарасын өзгертуге әсер етуде. Мансаптың даму теориясы осы үдерістің өзгерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, ал мотивтер мен шешім қабылдау теориясы студенттердің таңдауларына әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды айқындайды.
Қорытынды
Зерттеу нәтижелері Астана халықаралық университеті Педагогикалық институты студенттері мен түлектерінің педагогикалық мамандыққа деген көзқарастарын, грант жүйесінің тиімділігін және олардың еңбек нарығындағы жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Мансаптың даму теориясы мен Мотивтер мен шешім қабылдау теориясы негізінде студенттердің педагогикалық мамандықты таңдауы мен олардың еңбек нарығындағы болашақ жұмысқа орналасу мәселелері арасында тығыз байланыс бар екенін көре аламыз.
Зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы педагогикалық мамандықты таңдаудың негізгі себептері – әлеуметтік қажеттіліктер мен гранттық қолдау екенін анықтадық. Сонымен қатар, педагогикалық саладағы мансап құруға деген қызығушылық жоғары болғанымен, түлектердің жұмысқа орналасудағы қиындықтары мен жалақы деңгейі олардың мамандық таңдауына әсер етуде. Бұл факторлар педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіруді, жалақыны көтеруді және жұмыс орындарын көбейтуді қажет етеді.
Ұсыныстар
1. Грант жүйесін жетілдіру: ЖАО гранттық әлеуетін кеңейту және оларды еңбек нарығының сұранысымен интеграциялау арқылы педагогикалық мамандықтарға қызығушылықты арттыру. Мемлекеттік және аймақтық гранттарды жүйелі түрде ұлғайту студенттерді қосымша қаржылай ынталандыруға мүмкіндік береді.
2. Жалақыны көтеру және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсарту: Педагог мамандардың еңбекақысын экономикалық көрсеткіштерге сәйкестендіре отыра арттыру және арнайы қолдау әдістерін жүргізу. Мұғалімдердің жұмыспен қамтылуы мен кәсіби тәжірибені жоғарылатуға арналған ынталандыру шаралары әзірлеу.
3. Мамандықтың беделін арттыру: Мектеп оқушылары мен студенттер арасында педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүгізу. Бұл жұмыстарға сәтті мансап құрған түлектердің, тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы кездесулер ұйымдастыру.
4. Оқу бағдарламаларын жаңғырту: Педагогикалық мамандықтардың сапасын арттыру үшін оқу бағдарламаларын жаңартып, практикаға бағдарланған компоненттерін күшейту. Студенттерге кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған екіжақты оқыту әдістерін және инновациялық технологияларды енгізу.