Статья:

МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТІ (АСТАНА ҚАЛАСЫ МЫСАЛЫНДА)

Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №5(356)

Рубрика: Экономика

Выходные данные
Жанатбек Т.Р. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТІ (АСТАНА ҚАЛАСЫ МЫСАЛЫНДА) // Студенческий форум: электрон. научн. журн. 2026. № 5(356). URL: https://nauchforum.ru/journal/stud/356/182887 (дата обращения: 02.03.2026).
Журнал опубликован
Мне нравится
на печатьскачать .pdfподелиться

МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТІ (АСТАНА ҚАЛАСЫ МЫСАЛЫНДА)

Жанатбек Төрехан Рашидұлы
магистрант, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстан, Астана
Турмаханбетова Шакен Шолпанкуловна
научный руководитель, ғылыми жетекші, Экономика ғылымдарының кандидаты, профессордың міндетін атқарушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстан, Астана

 

Қазіргі экономикалық даму жағдайында көлік-логистикалық инфрақұрылым ұлттық және өңірлік экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Көлік жүйесі мен логистикалық қызметтер өндіріс, сауда және қызмет көрсету салаларының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, экономикалық байланыстардың үздіксіздігін қалыптастырады [1]. Осы тұрғыдан алғанда, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту үдерісінде инвестициялық менеджменттің рөлі айрықша маңызға ие.

Инвестициялық менеджмент экономикалық жүйеде инвестициялық ресурстарды тарту, орналастыру және тиімді пайдалануға бағытталған басқару қызметінің жиынтығын білдіреді. Көлік-логистикалық инфрақұрылым саласында инвестициялық менеджмент инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау, қаржыландыру көздерін анықтау, жобаларды іске асыруды үйлестіру және олардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалау үдерістерін қамтиды. Бұл саладағы инвестициялар, әдетте, ірі көлемде және ұзақ мерзімді сипатта болатындықтан, оларды басқару мемлекеттік реттеу тетіктерімен тығыз байланысты.

Мемлекеттік басқару жүйесінде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру құралы ретінде қарастырылады. Мемлекет көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы аумақтық теңгерімді қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті ынталандыруға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ұмтылады. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалар, салалық тұжырымдамалар және инвестициялық саясат құралдары қолданылады.

Инвестициялық менеджменттің маңызды элементтерінің бірі – мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері. Бұл механизм көлік-логистикалық инфрақұрылым жобаларын іске асыру барысында мемлекеттік ресурстар мен жеке капиталды біріктіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жеке әріптестік инфрақұрылымдық жобалардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, басқару тиімділігін арттыруға және инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.

Осылайша, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы инвестициялық менеджмент мемлекеттік басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның тиімділігі стратегиялық жоспарлаудың сапасына, институционалдық тетіктердің дамуына және басқару шешімдерінің үйлесімділігіне тікелей байланысты.

Соңғы жылдардағы статистикалық деректерді талдау Астана қаласында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық белсенділіктің тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді. Елорданың әкімшілік, іскерлік және транзиттік орталық ретіндегі мәртебесі көлік және логистика саласына капитал салымдарының ұлғаюына алғышарттар қалыптастырады. Жалпы 2025 жылы республика бойынша тартылған инвестициялардың шамамен 11 %-ы Астана қаласының үлесіне тиесілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 2 492 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 21,3 % өсімді көрсетті (Сурет 1).

 

Сурет 1. 2022-2025 жылдарда Астана қаласы бойынша негізгі капиталға салынған инвсетициялар көлемі

 

Инвестициялардың салалық құрылымында тұрғын үй құрылысына 34 % немесе 846,7 млрд. теңге бағытталса, көлік-логистикалық кешеннің үлесі 32 % немесе 785,2 млрд. теңгені құрады [2,3]. Бұл көлік және логистика саласының инвестициялық тартымдылығының айтарлықтай артқанын көрсетеді (Сурет 2).

 

Сурет 2. 2022, 2025 жылдардағы инвестициялардың салалық құрылымы

 

2022 жылмен салыстырғанда көлік және логистика саласына салынған инвестициялар көлемі 225,4 млрд. теңгеден 785,2 млрд. теңгеге дейін өсіп, шамамен 3,5 есеге артты. Нәтижесінде саланың жалпы инвестициядағы үлесі 17 %-дан 32 %-ға дейін ұлғайды [2,3]. Мұндай динамика жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының кеңеюімен, жаңа көлік нысандарының салынуымен, сондай-ақ логистикалық компаниялар тарапынан автопарктерді жаңарту және кеңейту үдерістерінің жандануымен байланысты.

Астана қаласының көлік-логистикалық әлеуеті оның халықаралық және өңіраралық көлік дәліздерінде орналасуымен айқындалады. Қала аумағы арқылы «Қытай – Еуропа – Қытай» халықаралық теміржол бағыты және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі өтеді. Сонымен қатар елордада ірі халықаралық әуежай жұмыс істейді, оның жылдық жолаушылар ағыны 8,3 млн адамды, ал жүк айналымы 10 мың тоннаны құрайды. Қала аумағында екі теміржол вокзалы орналасқан, олардың жылдық жолаушылар ағыны 6,2 млн адамға, ал жүк тасымалы 48,5 млн тоннаға жетеді [2,3]. Бұл көрсеткіштер Астананың өңірлік және халықаралық логистикалық торап ретіндегі рөлін күшейтеді.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдаудың кешенді жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін инвестициялық келісімшарттар (арнайы және басым), инвестициялар мен инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер сияқты құралдар қолданылуда. Инвестициялық келісімшарттар кедендік баждардан босату, қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру, сондай-ақ мемлекеттік заттай гранттар ұсыну мүмкіндігін қарастырады [4]. Басым инвестициялық жобалар аясында корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы мөлшерлемелерін 0 %-ға дейін төмендету көзделген.

Инвесторларды сүйемелдеудің өңірлік институты ретінде «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС қызмет атқарады. Орталық инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді алу және жобаларды іске асыру кезеңдерінде толық қолдау көрсетеді [5]. Сонымен қатар қаржыландыру көздерінің әртараптандырылған жүйесі қалыптасқан, оның ішінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Qazindustry» АҚ сияқты даму институттары маңызды рөл атқарады.

Инвестициялық үдерістерге мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері де елеулі ықпал етуде. 2023–2025 жылдары Астана қаласында мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде автотұрақтар, логистикалық терминалдар және сервистік инфрақұрылым объектілерін салу жобалары іске асырылды. Бұл тәсіл бюджетке түсетін жүктемені азайтып, инвестициялық жобаларды басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту барысында бірқатар проблемалар сақталуда. Автокөлік санының жыл сайынғы өсуі көлік желісінің шамадан тыс жүктелуіне, кептелістердің көбеюіне, экологиялық жағдайдың нашарлауына және жол-көлік оқиғаларының артуына әкеп соғуда. Осыған байланысты көлік инфрақұрылымын дамыту демографиялық өсім, халықтың мобильділігінің артуы, жолаушылар және жүк тасымалы көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ экологиялық талаптардың күшеюі жағдайында жүзеге асырылуы тиіс.

Қазіргі жағдайда көлік инфрақұрылымын дамыту демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің болжамды өсуін, халықтың мобильділігінің артуын, жолаушылар және жүк тасымалы көлемінің өзгеруін, сондай-ақ экологиялық талаптардың күшеюін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Осы факторлар қаланың аумақтарына ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етуді, қалаішілік, қала маңы және сыртқы көлік байланыстарының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруды талап етеді. Сондықтан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы инвестициялық менеджмент кешенді әрі жүйелі сипатқа ие болуы қажет.

Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында заманауи технологияларға негізделген кешенді шешімдерді енгізу өзекті болып табылады. Олардың қатарына жасанды интеллект элементтерін қолданатын адаптивті бағдаршамдарды басқару жүйесін дамыту, жоғары жылдамдықты көлік дәліздері арқылы қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығын арттыру, тұрақ орындарын басқару жүйесін жетілдіру, көлік-түсіру тораптарының орналасуын оңтайландыру және ауданаралық көлік байланыстарын күшейту жатады. Бұл шаралар көлік ағындарын тиімді басқаруға және инфрақұрылым объектілерін пайдаланудың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Елорданың қолайлы географиялық орналасуын ескере отырып, көлік-логистикалық қызметтер көрсету саласы инвестициялар тарту тұрғысынан перспективалы бағыт болып табылады. Қаланың өңіраралық және халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасуы логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мемлекеттік басқару жүйесінде инвестициялық шешімдерді стратегиялық жоспарлаумен үйлестіруді талап етеді.

Аймақтың елеулі логистикалық әлеуетін іске асыру мақсатында «Астана–Технополис» арнайы экономикалық аймағы аясында 223 гектар аумақта логистикалық парк құру жоспарлануда. Аталған жоба жүк ағындарын басқару мен логистикалық операцияларды оңтайландыруға арналған орталық торап ретінде қарастырылады. Логистикалық паркті дамыту заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, бизнестің тиімділігін арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге және өңірдің экономикалық дамуын ынталандыруға бағытталған.

Жобаның шеңберінде «A+» және «B+» класындағы (жалпы температуралық және климаттық) қойма кешендерін, жүк контейнерлік терминалды, кедендік бақылау аймақтарын және кеден өкілдерінің кеңселері орналасқан кедендік рәсімдеу орталығын, сондай-ақ қажетті техникалық және әкімшілік инфрақұрылымды орналастыру көзделген.

Логистикалық паркті іске асыруға жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 150 млрд. теңгені құрайды. Инвестициялық қаражат аясында жүк терминалдары, қойма үй-жайлары, техникалық инфрақұрылым және кеңсе ғимараттары сияқты бірқатар инфрақұрылымдық объектілер салу көзделген. Жалпы алғанда, логистикалық парк аумағында 20-ға жуық инвестициялық жобаны орналастыру жоспарланып отыр, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және қаланың логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары аясында жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, LRT жобасының бірінші кезеңін пайдалануға беру, екінші және үшінші кезеңдерін іске асыру мүмкіндіктерін пысықтау, айналма жолдар, жаңа көпірлер, сонымен қатар екі деңгейлі магистраль салу жоспарланған [6].

Көлік ағындарын басқару тиімділігін арттыру Астана қаласының көлік жүйесін 2025–2035 жылдарға дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға сәйкес іске асырылады. Аталған бағдарлама Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы №255/32-VIII шешімімен бекітілген және көлік жүйесін цифрландыру, қозғалысты басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу және көлік қызметтерінің сапасын арттыру шараларын қамтиды [6,7].

Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру мақсатында инвестицияларды IT-секторға, ғылыми-технологиялық өндірістерге және инновациялық кластерлерге тарту басым бағыт ретінде айқындалған. Бұл жоғары технологиялық секторларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және көлік-логистикалық инфрақұрылыммен сабақтас салалардың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Астана қаласының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы инвестициялық менеджментті жетілдіру жол желісін кеңейту, өңірлік маңызы бар логистикалық хабтарды қалыптастыру және көлік ағындарын басқару үдерістерін цифрландыруды қамтитын кешенді тәсілді талап етеді. Қозғалысты автоматты түрде бақылау жүйелерін және логистиканы басқарудың электрондық платформаларын енгізу көлік желісінің өткізу қабілетін арттырып, логистикалық шығындарды төмендетуге ықпал етеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі. Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы. – Астана, 2022.
2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері: статистикалық жинақ. – Астана, 2024.
3. Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есептер. – Астана, 2025. URL: https://www.gov.kz
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі. Инвестициялық саясат және инвестициялық қызмет туралы аналитикалық есеп. – Астана, 2024. 
5. «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС. Астана қаласының инвестициялық мүмкіндіктері: талдамалық шолу. – Астана, 2025.
6. Астана қаласы мәслихаты. «Астана қаласының көлік жүйесін 2025–2035 жылдарға дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама туралы» 2024 жылғы 11 желтоқсандағы №255/32-VIII шешім.
7. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі. Қазақстан Республикасының көлік жүйесін 2025–2035 жылдарға дамыту бағдарламасы. – Астана, 2024.