ЖАНҰЗАҚ ҚАСЫМБАЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХНАМАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ
Конференция: CCCLXI Студенческая международная научно-практическая конференция «Молодежный научный форум»
Секция: История и археология
лауреатов
участников
лауреатов


участников



CCCLXI Студенческая международная научно-практическая конференция «Молодежный научный форум»
ЖАНҰЗАҚ ҚАСЫМБАЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХНАМАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ
Аңдатпа. Мақалада көрнекті ғалым Жанұзақ Қасымбаевтың отандық тарих саласының өзекті мәселелерінің зерттеуге қосқан үлесі және аталған мәселені зерттеудің өзектілігі ашып көрсетілген. Тарихшы өзінің зерттеулерінде XVIII-ХХ ғасырлардағы отан тарихының маңызды мәселелері мен ақтаңдақтарын зерттеуі қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Аннотация. В статье раскрывается вклад выдающегося ученого Жанузака Касымбаева в исследование актуальных проблем отечественной истории, а также обосновывается актуальность изучения данных вопросов. В своих исследованиях историк обращался к важным проблемам и «белым пятнам» истории Казахстана XVIII-XX веков, что подчеркивает актуальность рассматриваемой темы.
Abstract. The article highlights the contribution of the prominent scholar Zhanuzaq Kassymbaev to the study of pressing issues in the field of national history and demonstrates the relevance of researching these issues. In his studies, the historian examined important problems and previously understudied aspects of the history of Kazakhstan from the 18th to the 20th centuries, which further underscores the relevance of the topic under consideration.
Кілт сөздер: тарихшы, отан тарихы, қазақ хандары, Қазақ хандығы, қазақ-жоңғар қатынасы, патшалық Ресей, халықаралық қатынастар, өлкетану және т.б.
Ключевые слова: историк, отечественная история, казахские ханы, Казахское ханство, казахско-джунгарские отношения, царская Россия, международные отношения, краеведение и др.
Keywords: нistorian, national history, Kazakh khans, Kazakh Khanate, Kazakh-Dzungar relations, Tsarist Russia, international relations, local history, etc.
Біз ғылыми тұрғыдан талдауды мақсат еткен мәселені жан-жақты, байыпты және терең зерттеу қажеттілігі, өз пайымдауымыз бойынша, ең алдымен бүгінгі қоғамдық өмір сұранысынан, соған сай таным құралы ретінде тарих ғылымының табиғи болмысынан туындайды. Кез-келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын әсіресе күрделі тарихи өтпелі кезеңдер мен сол дәуірлерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған түрлі қоғамдық күштердің, жеке тарихи қайраткерлердің өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған және сол арқылы өркениетке қызмет қылған.
Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, көрнекті тарихшы-ғалым, Қазақстан Республикасы Гуманистарлық ғылымдар академиясының академигі, Қырғызстан тарихшылары қауымдастығының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасын зерделеу аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Осы орайда біз аталған мәселені зерттеудің өзектілігін дәлелдейтін бірнеше ғылыми тұжырымға назар аударғымыз келеді.
Біріншіден, қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған, анасының тәрбиесімен өмірдің ауыртпалыққа толы мектебінен сабақ алған Ж.Қасымбаевтың өмірі ғылыми тұрғыдан назар аударуға әбден лайықты. Оның алғашқы кезде өнер саласында музыкалық білім алғанына қарамастан, тарих ғылымы тұрғысынан жоғары білімге қол жеткізген болашақ ғалым ретіндегі алғашқы ізденістері Е.Бекмаханов бастаған ұлттық тарих ғылымының аса көрнекті қайраткерлерінен тағылым алуы және басқа да деректер қазіргі тұлғатану саласы үшін қызықты және маңызды, жаңаша зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретінінде ешқандай дау жоқ.
Екіншіден, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануды студенттік кезінен-ақ бастаған, болашақ тарихшы-маман ретінде Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архив қойнауларынан еліміздің тарихына қатысты сирек те құнды деректер іздеп тапқан сол аса маңызды мәліметтер негізінде жазылған дипломдық жұмысының өзімен-ақ ұстаз-ғалымдардың назарын аударған Ж.Қасымбаевтың шәкірттік кезеңін сипаттайтын тарихи деректерді талдаудың қазіргі жастар бойындағы тарихи таным қалыптастырудағы орны ерекше. Қазақстандағы жоғары білім ордаларының ішіндегі қара шаңырағы болып табылатын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетін бітіруші ретінде жазылған дипломдық жұмысында қозғалған мәселелерді одан әрі тереңдете түсіп, оны тарих ғылымы бойынша кандидаттық, одан кейін докторлық диссертацияға дейін жеткізуі оның еңбекқорлығын ғана көрсетпейді. Сонымен бірге тарихтың ғылымдағы жүйелігі мен таңдап алған ғылым саласына деген адалдығын байқатса керек.
Үшіншіден, Ж.Қасымбаевтың Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск, Барнаул, Новосибирск, Орынбор, Астрахань, Ташкент және басқа да қалалардың бай мұрағат қорларынан алынған тарихымызға байланысты тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізілуі және тынымсыз іздеу нәтижесінде жинақталған ғылыми еңбектердің КСРО Ғылым Академиясы Тарих ғылыми-зерттеу институты КСРО халықтарының тарихы бөлімінің арнайы мәжілісінде М.Бекмаханова, К.Юсупов, Ш.Мұхамедияров, Түркімен Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.Агаджанов тарапынан жоғары бағалануының себептері туралы мәліметтер де ғылыми тұрғыдан талдап, зерттеуді талап етеді. Ғалымның КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының иегері В.Я. Янин және өзге де кеңінен белгілі ғылым өкілдерінің ылтипатына бөленіп, кейіннен «Вопросы истории», «Военно-исторический журнал», «Наука в Сибири», «Южный Урал» және т.б. ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектерін зерделеп, сараптаудың жас ұрпақтың ғылыми-тарихи көзқарастарын қалыптастырудағы маңызы ерекше.
Төртіншіден, Ж.Қасымбаевтың оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, өмірінің соңғы сәттеріне дейін ғылымнан қол үзбеуі, барлық ғұмырын Қазақстан тарихы ғылымын тереңдетуге бағыттауы, барлық саналы өмірін арнаған ұстаздық-педагогтық қызметін тек бір ғана жоғары оқу орнында, қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде өткізуі сияқты ерекшеліктері тарих ғылымының тұлғатану саласы үшін мұқият зерттеуге лайықты мәселе [1].
ХХ ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысы – ғалымның зерттеушілік кезеңіндегі басты кезең. КОКП-ның идеологиялық күйреуі, қауымның шынайы дербестікке ұмтылуы отан тарихының жаңа кезеңіне алғышарт қалыптастырды.
Академиялық жүйеде қызметте болмаған Ж.Қасымбаев ізденуші талабы мен зерттеушілік талғамын шыңдауы барысында ғылыми жұмысын оқу-педагогикалық жүйемен ұштастыра білді.
Көптеген ұлтжанды ел азаматтары қатарында Ж.Қасымбаев 1986 жылдың қасіретін басынан өткізді. Қазақ жерінің Ресейге қосылуы хақында ұлтшылдық сарынның ықпалында қалған деген жалған айып тағылған ғалым-педагог құдіретті мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тырнағынан әзер дегенде құтылды. Сол желтоқсан қасіретінде табандылығын айқындаған автордың бұдан кейінгі зерттеулерінің оның жылтыраған әсем сөзден аулақ елдің бұрынғысы мен болашағын ұштастыратын проблемаларға арнауы кездейсоқ емес. Бішкек, Ташкент, Мәскеу, Уфа, Екатеринбург жарияланған еңбектері өткен заманда, яғни Кеңес Өкіметі кезінде көмескі ғана көтерілген даулы оқиғаларды жаңғыртуы автордың табандылығының көрінісі. Қазақ жерлерінің Ресей империясы құрамына қосылуының саяси астарларын белгілеген ғалымның пікірлері осы күндері қоғам негіз ретінде қабылдаған баға.
Сол 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында өткен ғылыми таластар объективті түрде зерттеушілерден тың деректер негізінде тыңғылықты дәлелденген, түбірлі зерттеушілерді талап еткені белгілі. Тағы да архив қорларында ізденіс жалғастырылды. 1993 жылы жаңа құжаттарға негізделген Кенесары хан хақындағы 30 000 данамен баспадан шыққан зерттеуі Е.Бекмахановтың атақты зерттеуінен кейінгі екінші кітап. Қай жағынан қарастырса да, Ж.Қасымбаевтың 90-жылдары жарық көрген монографиялары оқырмандардың ойынан шықты, ұлттық санаға жаңаша дем беруге бір үлес еді. 1995 жылы жарияланған Құнанбай қажыға арналған тұңғыш тарихи монографиясы Абайтануға қосылған елеулі үлес екендігін сарапшылар бірауыздан баспа бетінде атап өткендігін де естен шығармаған жөн. Ал 1995 жылы «Атамұра» корпорациясы 30 000 данамен Ақмоланың тарихына арналған ғалымның зерттеуін жариялады. Ол кезде жаңа астананы Алматыдан басқа қалаға көшіруге тіпті шешім де қабылданбаған болатын.
Көп жылдар бойы қоғамдық ой-пікірді өзіне тартқан – Ұлы Жібек жолы. Қазақ даласының осы тұста дәнекерлік орны айқындалса да, кейінгі тағдыры күңгірт еді. Талантты ғалым бұл халықаралық мәні өте зор мәселеге де өзінің ауыз толтыра айтатын үлесін қосты. 1996 жылы «Өлке» баспасы жариялаған «Казахстан-Китай. Караванная торговля в ХІХ – начале ХХ вв» атты ірі монографиясы соған дәлел. Көптеген архив құжаттарына негізделген аталмыш зерттеу оқырмандардың көңілінен шықты [2].
1998 жылы Алматы облыстық әкімшілігі Аңырақай оқиғасына арнап бірнеше мәрте ұйымдастырған тарихи-танымдық экспедицияларына белсене қатысқан Ж.Қасымбаев аталған тарихи шайқастың себеп-салдары жайындағы тарихи деректерді осы сапар кезінде ойға түйген пікірлерімен байланыстыра ортаға салады. Соның нәтижесінде Ж.Қасымбаев Аңырақай шайқасы 1728 жылы емес, 1729 жылы емес, 1730 жылы болған деген болжамын ұсынады [3].
Ж.Қасымбаев өз еңбектерінде Әбілқайыр ханның бастамасымен Кіші жүз қазақтарын Ресей империясының қарамағына қабылдау жөнінде патшайым Анна Иоанновнаға жолданған өтініштің тарихи әрі құқықтық алғышарттарын талдайды. Зерттеуші XVIII-XIX ғасырларда Ресей империясының қазақ даласындағы әскери-саяси ықпалының артуын және соның салдарынан хандық биліктің әлсіреп, біртіндеп жойылу үдерісін қарастыра отырып, қазақ-орыс қатынастарының даму ерекшеліктерін жан-жақты зерттейді.
Зерттеуші Әбілқайыр ханның Ресей бодандығын қабылдау жөніндегі ұсынысының тарихи негізі бар деген қорытындыға келеді. Оның пікірінше, Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының саяси бірлігі әлсіреп, Кіші жүзді Әбілқайыр хан, Орта жүзді Сәмеке мен Күшік хандар, ал Ұлы жүзді Жолбарыс хан басқарған. Осындай саяси бытыраңқылық сыртқы қауіп-қатерлердің күшеюіне әкеліп, Әбілқайырды Ресеймен жақындасу саясатын ұстануға мәжбүр етті.
Сонымен қатар, Ж.Қасымбаев Әбілқайырдың Ресейге жолдаған өтініші бүкіл қазақ халқының емес, негізінен Кіші жүз қазақтарының мүддесін көздегенін атап көрсетеді. Бұған өтінішті Кіші жүз құрамындағы 29 старшынның ғана қолдауы дәлел болады. Ғалым бұрынғы құжаттар жинақтарында кездесетін кейбір деректердің нақтылығына да күмән келтіреді. Мысалы, кейбір еңбектерде Ресей патшайымы Анна Иоанновна Кіші жүзді Ресей бодандығына қабылдау туралы грамотаны 1730 жылы бекітті деп көрсетілгенімен, архивтік деректер бойынша бұл құжатқа шын мәнінде 1731 жылы қол қойылған.
Сондай-ақ зерттеуші Әбілқайырдың өзін Ресей патшайымына жазған хатында Кіші жүзбен қатар Орта жүздің де ханы ретінде көрсетуін оның саяси беделін арттыруға бағытталған әрекет деп түсіндіреді. Ғалымның пайымдауынша, егер Ресей бодандығына кіру мәселесі бүкіл қазақ халқының атынан шешілетін болса, онда ол дәстүрлі дала демократиясының маңызды институты – Құрылтайда талқыланып, көпшілік тарапынан мақұлдануы қажет еді [4, 81-б.]
Ж.Қасымбаевтың тұжырымдауынша, кеңестік кезеңдегі тарихнамада қазақ халқының XVIII ғасырдың басындағы ең ауыр тарихи сынақтарының бірі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының маңызы жеткілікті деңгейде ашылмай, оның орнына Қазақстанның Ресей империясының құрамына «өз еркімен қосылуы» туралы көзқарас алдыңғы орынға шығарылды. Ғалым бұл ұстанымның әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кеңестік идеологияның ықпалымен қалыптасып, тарихи сананың маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап көрсетеді.
Осыған байланысты XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының тарихы мен маңызды оқиғалары көбінесе Ресей империясының құрамына қосылу үдерісі тұрғысынан ғана қарастырылды. Зерттеушінің атап көрсетуінше, мұндай біржақты көзқарас қазақ халқының ішкі даму ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бермеді. Тарихи маңызы бар көптеген оқиғалар Ресей мемлекетінің саяси ахуалымен байланыстырылып түсіндірілді.
Соның салдарынан қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресінің көптеген маңызды қырлары назардан тыс қалып, азаттық жолындағы шайқастарды басқарған көрнекті қолбасшылар мен батырлардың есімдері тарихи жадтан шеттетілді. Бұл жағдай қазақ қоғамының тарихи дамуын тек Ресей империясымен байланыста қарастырудың нәтижесі болды.
Ж.Қасымбаевтың пайымдауынша, мұндай әдіснамалық ұстаным қазақ-жоңғар қатынастарының мазмұнын терең зерттеуге де кедергі келтірді. Ғалым: «Кіммен алыссаң, соның тарихын жете білуің тиіс. Бізде Жоңғария мемлекетінің тарихын терең тануға мүмкіндік болмады», – деп атап көрсетеді. Осылайша зерттеуші қазақ тарихын объективті тұрғыдан зерделеу үшін көрші мемлекеттермен қарым-қатынастар тарихын да жан-жақты зерттеудің маңыздылығын негіздейді [5].
1980-жылдардың соңынан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда байланыстарының тарихы қазақстандық тарих ғылымында маңызды зерттеу бағыты ретінде қалыптасты. Бұл саланың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың қатарында тарихшы Ж.Қасымбаев ерекше орын алады. Ол Қазақстан-Қытай және Қазақстан-Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың тарихи дамуын жан-жақты қарастырып, тақырыпқа қатысты көптеген мұрағаттық материалдар мен жарияланған дереккөздерді ғылыми айналымға енгізді. Ғалымның еңбектері аталған мемлекеттер арасындағы сауда байланыстарының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және осы бағыттағы зерттеулердің деректік қорын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Ғалым өз еңбектерінде екі елдің шекаралық аймақтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықаралық қатынастардың ерекшеліктерін және сауда байланыстарының даму үрдістерін жан-жақты қарастырған. XIX ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның Ресей империясы құрамына толық қосылуы Ресей мен Шыңжаң арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюіне ықпал етті. Осы кезеңде Қазақстан аумағы Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды көпір қызметін атқарып, Орта Азия халықтары мен мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарда ерекше рөлге ие болды.
Ресейдің ішкі губернияларынан, Орта Азиядан және Қазақстаннан Қытайға бағытталған сауда керуендерінің саны артып, бұл Қазақстан мен Қытайдың шекаралас өңірлеріндегі сауда-экономикалық қатынастардың дамуына серпін берді. Ж.Қасымбаев Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі барысында мал шаруашылығы өнімдерінің тек Ресейге ғана емес, көршілес мемлекеттерге де кең көлемде шығарылғанын атап көрсетеді.
Қазақстанның сыртқы саудасында Қытай маңызды орын алды. Әсіресе Жетісу өңірінің Шыңжаңмен және Қырғызстанның Қашғармен жүргізген шаруашылық және сауда байланыстары ерекше маңызға ие болды. Қытай саудагерлері Қазақстан қалаларына еркін келіп, жергілікті халықпен сауда қатынастарын дамытты. Мұндай қалалардың қатарына Омбы, Петропавл, Семей, Көкшетау және Верный кірді.
Сонымен қатар Қазақстанның Қытаймен ғана емес, басқа да шетел мемлекеттерімен сауда байланыстары болған. Қазақ даласынан Батыс Еуропа елдеріне, тіпті АҚШ-қа дейін мал шаруашылығы өнімдері, оның ішінде мал терісі мен басқа да шикізат түрлері экспортталған [6]
Қорыта айтқанда Жанұзақ Қасымбайұлының ғылыми мұрасы өте бай. Қазақстан тарихының төңкеріске дейінгі, әсіресе XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші ширегін қамтитын кезеңінің ең күрделі мәселелеріне арналған зерттеулері ешқашан тарихи маңыздылығын жоймайтын құнды еңбектер. Керісінше күн өткен сайын профессор шығармаларының бағасы артвп, қазақ тарихын білгісі келетін зиялы қауымның іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналып, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

