ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ
Конференция: CVIII Международная научно-практическая конференция «Научный форум: педагогика и психология»
Секция: Общая педагогика, история педагогики и образования

CVIII Международная научно-практическая конференция «Научный форум: педагогика и психология»
ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ
Аңдатпа. Мақалада қазіргі жағдайдағы жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы баяндалады. Сонымен қатар, жас ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасын қолданудың маңыздылығы мен қажеттілігі қарастырылған.
Түйін сөздер: тәрбие, оқыту, білім беру, педагогикалық процес, жас ұрпақ, халық педагогикасы.
Қазіргі жағдайда қоғамдық әлеуметтік жағдайдың өзгеруіне, жаңаруына байланысты білім мен тәрбие беру жаңаша бағытта қалыптасып, жаңа талап-міндеттер қойылуда. Білім берудің басты мәселесі – тұлғаны жан-жақты толыққанды дамыту екендігі сөзсіз. Бұл бүгінгі күні аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қоғамның барлық тарихи даму кезеңдерінде жеке тұлғаны тәрбиелеу, адамгершілік, ізгілік, әдеп туралы зерттеу мәселелері әр елде ұлы ғұламалар, ағартушылар, ғалымдар мен педагогтардың назарын өзіне аударып, басты зерттеу нысанына айналды. Осы бағытта тәрбие теориясы мен әдістемесі педагогтар үшін кәсіби бағытта тәрбие жүйесін дұрыс және сапалы ұйымдастыруда айрықша орын алады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тәрбиенің негізгі мақсаты жеке адамды қалыптастыру және оның жан-жақты толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Ал бұл міндеттердің табысты шешімін беру жеке адамның дамуы қалай өтетінін және оның қалыптасуына қандай жағдайлар ықпал ететінін білумен байланысты.
Тәрбие адамның және адамзат қоғамының дүниеге келгенінен бастап пайда болды, демек бала тәрбиесі адамзат қоғамының дамуымен байланысты жалпы мәңгілік ұғым болып табылады. Қоғам бар жерде тәрбие болады, яғни ол қоғам қажеттілігімен байланысты өзгеріп, дамып отырады. Әлбетте, тәрбие ұрпақтар арасындағы сабақтастықтыы қамтамасыз етеді, аға ұрпақ әр уақытта өз білімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпаққа беріп отырады. Тапсыз қоғамда ру, отбасы болмағанда адамдардың негізгі айналысатын балық аулау, аңшылық кәсіптері болды, ер балалар үлкендермен бірге аңшылықпен және үй хайуанаттарын күтумен айналысты, ал қыз балалар аналарына үй жұмыстарына, тамақ дайындауға көмектесті. Адамдардың қажеттіліктерінің негізінде тәрбие еңбек үрдісімен байланысты дамыды.
Қазіргі қарқынды, жедел дамып келе жатқан заманауи қоғамда өскелең ұрпақ тәрбиесі аса маңызды мәселелер қатарында саналады. Аталмыш мәселе, мемлекеттік деңгейдегі маңызды құжаттарда, атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен техника жетiстiктерi негiзiнде жеке адамның сапалы бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау, әрбір тұлғаны азаматтық пен патриотизмге, өз Отанына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн, басқа халық мәдениетін қастерлеуге тәрбиелеудің қажеттілігі баса көрсетілген [1].
Сонымен қатар, тәрбие Тұжырымдамасында, тәрбиенің мақсаты және міндеттері негізге алынып, тәрбие жұмысының келесі бағыттары айқындалған: халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеу, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтау және оны дамыту, Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетін зерттеуге, құрметтеуге негізделген азаматтық ұстанымды, патриоттық сананы, құқықтық және полимәдениетті, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты және т.б. қалыптастыру [2].
Кез-келген мемлекеттің өркендеуі оның азаматтарының патриоттық сана-сезімі деңгейіне тікелей байланысты болады, өйткені ең алдымен патриоттық сезім Отанға деген махаббат болса, екіншіден, адамдардың өз үйін, туған елі мен жерін, тілі мен дінін қадірлеп, сүйсінуінен бастау алады. Әлбетте, бұл арада әр адамның тәрбиелік деңгейінің ықпалы жоғары болары сөзсіз.
Олай дейтінізі, тәрбие қоғамдық, өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған, жеке адамдық қалыптастырудың жүйелі процесі болып табылады. Күнделікті іс-тәжірибеден көріп отырғанымыздай, ол мектеп, отбасы, мектептен тыс білім беру ұйымдары, балалар бақшасы, балалар мен жастар ұйымдарының бірлескен іс-әрекеті барысында жүзеге асады. Сонымен қатар, барлық педагогикалық процестермен байланыста бола отырып, тұлғаға әдебиет, өнер, халық ауызекі шығармашылығы, ақпарат құралдары ықпал етеді.
Байқап қарасаңыз, тәрбие процесі, бұл өзара байланыстағы ұдайы дамып отыратын тәрбиелеу жүйелерінің тізбектері тәрізді.
Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми-теориялық заңдары бар педагогикалық ғылымдар өмірге келгенше де адамзат, ата-бабаларымыз тәрбие ісімен айналысқан. Оның таралмай халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен тағылымдары да баршылық, оны халықтық педагогика деп атаған. Демек, осы халықтық педагогика өте ерте уақыттан бастап-ақ, қоғамдық дамудың белгілі бір сатыларынан өтіп, тәрбиенің нақты бір қызметтерін атқарып келді және бүгінде ол солай жалғасып отыр. Осыдан келіп, халықтық педагогиканың мақсаты көрінеді, ол өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбек сүйгіштікке, қайырымдылыққа, бауырмалдылыққа, өз Отанын сүюге, ар-намысын қорғай білуге тәрбиелеу қағидасын ұстанады. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші, термеші сияқты өнер адамдарының бәрі белсене ат салысатын ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келгені көпке аян. Әсіресе, ақын, жырау, термешілердің өлең, жыр, дастан, терме, толғауларының мазмұнына ой жүгіртсек, онда дидактикалық ақыл-нақыл, өсиет-өнегенің тұнып тұрғанын байқаймыз [3].
Халық педагогикасы – өте ертеден ғасырлар бойы қалыптасып, келешекте кемелдене беретін ғылым екені сөзсіз. «Қазақ этнопедагогикасы» ғылымының ілкі бастауы – халық педагогикасының негіздері ертеден тамырын жайып, ХХ ғасырда ғылым ретінде қалыптаса бастады. Оның ұлттық ғылым ретінде дамып, пән ретінде оқытыла бастауына және ғылым ретінде қалыптасуына Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев, С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, М.Х.Балтабаев, Ж.Ж.Наурызбай, Ә.Табылдиев және т.б. республика ғалымдары зор еңбек сіңірген [3;4;5].
Танымал ғалым-зерттеуші С.А.Ұзақбаеваның «Қазақ халық педагогикасы» атты еңбегінде қарастырылып отырған мәселе теориялық және практикалық жағынан толыққанды талданып берілген. Зерттеуші еңбегінде қазақ халық педагогикасының өте ертеден қалыптасып, қазіргі заман ағысына қарай дамып келе жатқанын, бүгінгі жағдайда халық педагогикасының озық үлгілерін ұрпақ тәрбиесінде жетекші құрал ретінде пайдалануға толық негіз бар екенін атап өткен [6].
Ғалым-педагог Қ.Қ.Шалғынбаева өз зерттеуінде халық педагогикасы негізінде өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуді жан-жақты талдап, саралаған. Қазақтың дәстүрлі еңбек тәрбиесіндегі тәжірибесін бүгінгі таңдағы жеткіншектер тәрбиесінің негізіне алу – халық педагогикасының мүддесі, әрі талабы. Жеткіншектердің әлеуметтік ортадағы сан салалы қарымқатынасы мен іс-әрекетін ұйымдастыру барысында халықтық тәжірибе мен ізгі қасиеттерді оның бойына дарыту қашаннан игі мақсат болып келеді. Демек, тәрбие – жалпы адамзаттық құндылықтар мен халықтың ғасырлар бойы жинақталған, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарымқатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінезқұлқын қалыптастыра отырып еңбекке тәрбиелеу.
Халықтық педагогика процесіндегі ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі. Ұлттық сананың қалыптасу деңгейінен адамның ана тіліне, туған елдің мәдениеті мен тарихына, елі мен жерінің байлығына деген сүйіспеншілігі, азаматтығы көрінеді. Өз елін, ұлтын қадірлейтін адам ғана басқа елді де қадірлей біледі [7, 4-5].
Халық педагогикасының тәрбиелік, дүниетанымдық мәні зор, себебі ол халықтың тарихи тәжірибелерін; ұлттық тәрбиені; қазақ халқының ауызекі шығармаларын; ұлттық салт-дәстүрлерді; ұлттық болмысты, дінді, тілді; ұлттық мәдениет пен өнерді; ұлттық дүниетанымды; ұлттық ойындарды сипаттайды.
С.Қалиев, Ж.Молдабеков, Б.Иманбековалардың «Этнопедагогика» кітабында қазақ халқының ұлттық даралығы ой толғаныс қазынасында (ұлттық психологиясында) ұрпақ тәрбиелеу тәсілдері (этнопедагогика) мен салт-дәстүр ерекшелігінде (этнографиясында), ал қазақ халқының психологиялық ой толғаныс ерекшелігін сөз етсек, ол – тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап сөйлеу, жыр, терме, толғау, айтыс өнері арқылы көзге көріну дейді [8, 69-71].
Міне, осылар халық педагогикасының өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен қажеттілігін айқындайды.
Халықтың ұлттық көзқарастары елдің өмірімен тығыз байланысты, оның шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік тұрмысынан туған, сондықтан тәрбиелік маңызы аса жоғары, әрі құнды. Ұлттық мұралар ғасырдан-ғасырға сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып бізге жеткен, оның өткені мен бүгінін өскелең ұрпақ тәрбиесінде байланыстыру, жетілдіру, дамыту, пайдамызға асыру бүгінгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Демек, әр педагог өз халқының, басқа халықтың ұлттық тәлім-тәрбиесінің мазмұнын, халық педагогикасын жетік біліп, оларды күнделікті педагогикалық процесте нәтижелі пайдалана білуі аса маңызды болмақ.
Мәселен, қазақ халық педагогикасының маңызды бір саласы мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы болып табылады. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде қалыптасқан ой-пікірлерде мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймайтыны байқалады делінген. Мақалдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне, еңбегі мен тәжірибесіне байланысты туғандықтан, оның тақырыбы да орасан көп: өнер-білім, ақыл туралы; ынтымақ-бірлік жайындағы; адамгершілік-сыйластық жайында; ел мен жер жайлы; адамның мінез-құлқы жайындағы;денсаулық турасындағы; еңбек туралы; әділдік туралы; жақсы мен жаман туралы; барлық пен жоқтық турасындағы; отбасы туралы; сөз өнері, тіл жөніндегі және т.б. Қазіргі жазбаларда сақталған осындай мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен, әрі көлемділігімен құнды және ұлттық тәрбиеде айрықша маңызды болмақ. Мақал-мәтелдерде нақты ой беріледі, оның мағынасы кең, көп мәселені бір ғана мақал бойына сыйғызып тұруы мүмкін. Өрелі ой іздеген, өнегелі сөз көксеген кісі соны мақал-мәтелдерден табары анық. Олар әр адам үшін тіршіліктің түйткілді тұстарында, тағдырдың тар жолында тығырықтан алып шығар шам-шырақтың да рөлі атқарады. Бұл оның тәрбиелік мән-мағынасының аса жоғары екендігін білдіреді [9].
Ал мектеп жасына дейінгі балаларды және оқушыларды тәрбиелеу ең алдымен оқыту, яғни педагогикалық процес барысында жүзеге асады. Үлкенді сыйлауға, ата-ананы құрметтеуге, еңбектенуге, ізеттілік сақтауға үйренеді, бұл жаста балалар сапалы тәртіпке, жолдастық өзара көмекке, адамның көңіл-күйін түсінуге дағдыланады. Жас ұрпаққа тәрбие беру тек жеке пәндер арқылы ғана емес, сыныптан тыс тәрбие жұмыстары арқылы да жүзеге асырылады, ондай жұмыстар түрінде халық педагогикасын ұтымды қолдану педагогтің шеберлігіне байланысты болады.
Сонымен қорыта келе, халық педагогикасы аса құнды және маңызды тәрбие құралы болып табылады, оның идеяларын, құндылықтары мен тәжірибесін талай ұрпақ пайдаланды, әлі де пайдананып отыр.

