БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ӨЗІН-ӨЗІ БАҒАЛАУЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №16(325)
Рубрика: Психология

Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №16(325)
БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ӨЗІН-ӨЗІ БАҒАЛАУЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ПСИХОЛОГИЧЕСКИЕ ОСОБЕННОСТИ САМООЦЕНКИ ВОСПИТАННИКОВ ДЕТСКОГО ДОМА
Искакова Мерует Жардемгалиевна
магистрант, Казахский Национальный Университет имени Аль-Фараби, Казахстан, г. Алматы
Калымбетова Эльмира Кенесовна
канд. психол. наук, доцент, Казахский Национальный Университет имени Аль-Фараби, Казахстан, г. Алматы
Қазіргі қоғамда отбасы — баланың тұлғалық дамуы мен әлеуметтенуіндегі басты әлеуметтік институт. Алайда түрлі себептерге байланысты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар интернаттық мекемелерде тәрбиеленуге мәжбүр. Мұндай ортада бала психологиясының, әсіресе өзін-өзі бағалауының қалыптасуы өзгеше сипат алады. Бұл балалардың жеке тұлғалық қалыптасуы, өзін-өзі бағалауы — олардың әлеуметтенуі мен болашақ өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Өзін-өзі бағалау — адамның өз тұлғасын, мүмкіндіктері мен қабілеттерін қабылдауы мен бағалау процесі. Бұл — тұрақты емес көрсеткіш, өйткені адам өзін субъективті түрде бағалайды және оны әрқашан толықтай түсіне бермейді. Өзін-өзі бағалауға жаңа ақпарат, жинақталған тәжірибе және айналасындағы адамдардың пікірі әсер етуі мүмкін. Тұрақты әрі жеткілікті икемді өзін-өзі бағалау адамның дамуы мен әрекетіне оң әсер етеді. Ал тұрақсыз немесе шамадан тыс қатаң өзін-өзі бағалау тұлғаның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Өзін-өзі бағалау бала тұлғасының үйлесімді дамуы мен өмірге бейімделуінің негізі болып табылады. Өзін-өзі бағалаудың қалыптаса бастауы Л.С. Выготскийдің пікірінше жеті жас шамасына сәйкес келеді. Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың өзін-өзі бағалауы көптеген әлеуметтік, психологиялық және эмоционалдық факторларға тәуелді.
Өзіндік сана — тұлғаның дамуы мен қалыптасуында іргелі рөл атқарады. Өзіндік сананың негізінде тұлғалық конструкт ретінде «Мен-бейне» немесе «Мен-тұжырымдамасы» жатыр. Мен-тұжырымдаманы зерттеген ғалымдар қатарына Б.Г. Ананьев, Д.А. Леонтьев, А.А. Бодалев, , В.В. Столин және тағы басқа көптеген зерттеушілер жатады. Бұл ғалымдар «Мен-тұжырымдаманы» адамның өзі туралы когнитивтік құрылым ретінде қарастырады, оған өзіндік эмоционалды-құндылықтық қатынас тән. Яғни, «Мен-тұжырымдама» — бұл адамның өзінің эмоциялық, когнитивтік немесе мінез-құлықтық сипаттамаларына берген бағасы арқылы өзін өзі қабылдауы. Өзін-өзі бағалау — тұлғаның өзіндік санасының ең маңызды қыры, адамның «Мен» құрылымының құрамдас бөлігі болып табылады. Өзін-өзі бағалау адамның өзгелермен және өзімен қарым-қатынасында көрініс табады, сондай-ақ оның мінез-құлқын реттейді. Балалық шақта өзін-өзі қабылдау мен өзін-өзі бағалаудың дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі — бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас және отбасылық құрылым. Бұл фактордың бұзылуы немесе мүлде болмауы баланың өзін өзі қабылдауына, өзіндік бейнесіне, өзін-өзі бағалауына, өз-өзіне қатынасына және жалпы өзіндік санасының дамуына теріс әсер етеді.
«Мен-бейне» мәселесі маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылады: бұл бағыттағы зерттеулерде өзін-өзі бағалаудың құрылымы, оның даму кезеңдері мен механизмдері қарастырылады, сондай-ақ өзін-өзі бағалаудың тұлғаның әртүрлі сипаттамаларымен байланысы талқыланады. Жалпы өзін-өзі бағалаудың когнитивтік компоненті — бұл «Мен-бейне», «Мен-кескіні», ал аффективтік компоненті — өзін-өзі қабылдау болып табылады [1]. Көптеген анықтамаларда «Мен-бейне» ұғымы «Мен-тұжырымдамасының» когнитивтік құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл тұжырымда үш негізгі элемент немесе үш психологиялық құрамдас бөлінеді:
- «Мен-бейне» – адамның өзі туралы түсінігі.
- Өзін-өзі бағалау – осы түсініктің аффективтік бағасы, яғни адамның өзі туралы пікірінің эмоционалдық көрінісі. Бұл баға әртүрлі қарқындылықта болуы мүмкін және «Мен-бейненің» нақты белгілеріне сүйене отырып, қабылдау не айыптау сезімдерін тудыруы мүмкін.
- Мінез-құлықтық реакциялар – «Мен-бейне» немесе өзін-өзі бағалау негізінде туындайтын нақты әрекеттер.
Өзіндік қабылдау мен өзін-өзі бағалаудың нысаны ретінде адамның денесі, қабілеттері, әлеуметтік қарым-қатынастары және басқа да тұлғалық көріністері болуы мүмкін [2]. Бала қалыпты дамып, өзін жайлы сезінуі үшін, оны қоршаған жағдайлар бұл процеске қолдау көрсетуі қажет. Бұған айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, коммуникация, тұрмыс жағдайы, мінез-құлқы, физикалық денсаулығы және жеке жетістіктері жатады [3]. Балалар үйіндегі тәрбие отбасылық тәрбиеден біршама өзгеше. Мұнда балаға жеткілікті дәрежеде эмоционалдық қолдау, жеке қарым-қатынас, жылулық пен махаббат жетіспейді. Бұл өз кезегінде баланың өзіндік «Мен» бейнесінің қалыптасуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл балалардың ата-ананың қамқорлығынан айырылуы, тұрақты қарым-қатынастың болмауы, эмоционалды қолдаудың жетіспеушілігі сияқты жағдайлар олардың өзін-өзі бағалауының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, балалар үйіндегі тәрбиешілер мен құрдастардың ықпалы, сондай-ақ балалардың жеке жетістіктері мен әлеуметтік тәжірибелері олардың өзін-өзі бағалауының қалыптасуына әсер етеді. Психологиялық ерекшеліктері: төмен өзін-өзі бағалау, өздерін қоғамда қажетсіз сезінуі мүмкін; сенімсіздік пен үрей; қамқорлық пен махаббаттың жетіспеуі балада өзін жалғыз сезінуге алып келеді; өзара қарым-қатынастағы қиындықтар, яғни өз эмоциясын білдіру мен басқаларға сенім арттыруда қиындықтар туындайды.
Шартты түрде өзін-өзі бағалау келесі түрлерге бөлінеді:
- Өте жоғары өзін-өзі бағалау — бұл өз мүмкіндіктерін дұрыс емес, асыра бағалау. Яғни, өзін шынайы бағаламау.
- Орташа өзін-өзі бағалау — бұл өз мүмкіндіктерін объективті түрде бағалау.
- Төмен өзін-өзі бағалау — бұл өз мүмкіндіктерін дұрыс емес, төмен бағалау. Яғни, өзін жеткіліксіз бағалау.
Л.С. Выготскийдің даму теориясына сәйкес, баланың өзін-өзі бағалауы оның әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастарына, әсіресе ересектермен және құрдастарымен өзара әрекеттесуіне байланысты қалыптасады. Сонымен қатар, К.Роджерстің гуманистік психология теориясында өзін-өзі бағалаудың тұлғаның өзіндік қабылдауымен тығыз байланыста екендігі атап көрсетілген.
Балалалар үйі тәрбиеленушілерің өзін-өзі бағалауына келесі факторлар әсер етеді:
- Эмоционалдық жарақаттар: Балалардың отбасынан айырылуы олардың психологиялық тұрақтылығына теріс әсер етеді. Балада қорқыныш, жалғыздық сезімі басым.
- Әлеуметтік орта - бала психикасының дамуына тікелей ықпал ететін ең жақын әлеуметтік ортасы: ата-анасы және отбасының басқа мүшелері, кейінірек балабақша тәрбиешілері мен мектеп мүғалімдері [4]. Балалар үйінде тәрбиеленетін балаларға топтық ортаға бейімделу қажеттілігі туындайды, бұл кейде жеке ерекшеліктерінің еленбеуіне әкеледі. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар өздерінің әлеуметтік мәселелерді шешудегі мүмкіндіктерін не тым төмен, не тым жоғары бағалайды. Соның нәтижесінде оларда бейімделушілік қасиеттер, өмірге деген немқұрайлылық, өзгелерді қабылдамау сияқты мінез-құлықтар қалыптасады, бұл олардың әлеуметтенуіне теріс әсер етуі мүмкін [5].
- Қамқоршының рөлі:Жетім балаларға қамқорлық көрсететін тұлғалардың махаббаты мен қолдауы өзін-өзі бағалауды қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Сондықтан ересек адамның рөлі өте маңызды, соның арқасында қоршаған ортадағы мінез-құлық ережелері мен әрекет ету тәсілдері балалар үшін айқындала бастайды, субъективті мәнге ие болады, содан кейін оның ішкі жетістігіне айналады [6].
Қорытынды. Баланың өзін-өзі бағалауы оның әлемге көзқарасын, мінез-құлқын және болашаққа сенімін анықтайды. Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың өзін-өзі бағалауы — олардың тұлғалық дамуы мен әлеуметтік бейімделуінің басты көрсеткіштерінің бірі. Бұл топтағы балаларда жиі кездесетін сенімсіздік, әлеуметтік шеттетілу және өзін-өзі қабылдаудың төмен деңгейі олардың ішкі «Мен» бейнесінің бұрмалануы мен жеткіліксіз қалыптасуымен тікелей байланысты. Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың өзін-өзі бағалау деңгейі көбінесе төмен немесе тұрақсыз болып келеді. Бұл олардың психологиялық әл-ауқатына, тұлғалық дамуына және әлеуметтенуіне теріс әсер етуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, өзін-өзі бағалаудың негізі — баланың өзі туралы түсінігі мен оған деген эмоционалдық қатынасы, яғни «Мен тұжырымдамасы» болып табылады. Бұл құрылым бала өмірінде жақын адамдармен қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Алайда отбасылық қолдаудан айырылған балаларда бұл процесс күрделене түседі және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет етеді. Бұл шаралар балалардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың өзіндік қабылдауын жақсартуға бағытталған болуы тиіс. Психологиялық тренингтер, арт-терапия, әлеуметтік бейімделу курстары сияқты әдістер балалардың өзін-өзі бағалауын арттыруға көмектеседі.
