Статья:

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ГРАФИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

Конференция: XCVIII Международная научно-практическая конференция «Научный форум: педагогика и психология»

Секция: Теория и методика профессионального образования

Выходные данные
Темербаева Ж.А., Жаркумбаева М.М., Калиева О.К. ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ГРАФИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ // Научный форум: Педагогика и психология: сб. ст. по материалам XCVIII междунар. науч.-практ. конф. — № 7(98). — М., Изд. «МЦНО», 2025.
Конференция завершена
Мне нравится
на печатьскачать .pdfподелиться

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ГРАФИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

Темербаева Жанна Амангельдиновна
п.ғ.к., профессор, Торайғыров университеті Сәулет және дизайн білім беру бағдарламасы, Қазақстан Республикасы, Павлодар қ.
Жаркумбаева Майра Мурзабековна
аға оқытушысы, Торайғыров университеті Сәулет және дизайн білім беру бағдарламасы, Қазақстан Республикасы, Павлодар қ.
Калиева Орынтай Кабатаевна
аға оқытушысы, Торайғыров университеті Сәулет және дизайн білім беру бағдарламасы, Қазақстан Республикасы, Павлодар қ.

 

MODERN TECHNOLOGIES OF TEACHING ENGINEERING GRAPHICS IN HIGHER EDUCATIONAL INSTITUTIONS

 

Zhanna Temerbaeva

PhD, Professor, EP Architecture and Design, Toraigyrov University, Republic of Kazakhstan, Pavlodar

Mayra Zharkymbaeva

Senior Lecturer, EP Architecture and Design, Toraigyrov University, Republic of Kazakhstan, Pavlodar

Oryntay Kalieva

Senior Lecturer, EP Architecture and Design, Toraigyrov University, Republic of Kazakhstan, Pavlodar

 

Цифрлық технологиялардың белсенді дамуы мен Қазақстан Республикасы экономикасының өнеркәсіптік секторын жаңғырту жағдайында жаңа буын инженерлік-техникалық кадрларын даярлауға деген сұраныс күрт артып отыр. Қазіргі еңбек нарығы жоғары оқу орындары түлектеріне жоғары талаптар қояды: кәсіби салада тек іргелі теориялық біліммен шектелу жеткіліксіз. Болашақ мамандардан сыни ойлау дағдылары, бастамашылдық, өзін-өзі оқыту қабілеті, командамен жұмыс істеу және алынған білімді тәжірибеде тиімді қолдана білу талап етіледі.

Осы тұрғыда кәсіби пәндерді, соның ішінде инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыруда маңызды орын алатын графикалық пәндерді оқытудың дәстүрлі әдістерін қайта қарастыру қажеттілігі туындайды. Бастапқы графикалық дайындыққа жататын пәндер - сызу геометриясы, инженерлік және компьютерлік графика - кеңістіктік ойлау, техникалық сауаттылық пен жобалау тәсілінің негізін қалайды. Аталған дағдылар студенттің болашақ кәсіби дамуы үшін шешуші рөл атқарады.

Қазіргі заманның сын-тегеуріндері оқу үдесінде репродуктивтік тәсілдерден тұлғалық-бағдарланған және іс-әрекеттік әдістерге көшу қажеттілігін туындатып отыр. Бұл студенттердің оқу үдерісіне тереңірек тартылуын қамтамасыз ететін заманауи білім беру технологияларын қолдануды көздейді. Атап айтқанда, жобалық оқыту, модельдеу, имитациялық және бейимитациялық әдістер, цифрлық платформалар мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді тиімді пайдалану маңызды.

Техникалық жоғары оқу орындарында қалыптасқан дәстүрлі оқыту жүйесі негізінен пәндік - білімдік тәсілге сүйенді, бұл оқытушыдан студентке дайын білімді жеткізуге бағытталған. Классикалық академиялық білім беру қағидаттарына негізделген бұл модель студенттерге терең теориялық дайындық береді. Алайда қазіргі жағдайда мұндай тәсіл болашақ маманның күрделі кәсіби міндеттерді шеше алуына қажетті тәжірибелік дағдыларын толық қалыптастыра бермейді.

Экономиканы цифрландыру, салалардың жедел технологиялық трансформациясы мен кәсіби еңбек құрылымының өзгеруімен байланысты қазіргі заманның сын - қатерлері білім беру парадигмасын қайта қарауды талап етеді. Жоғары білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары мен Болон үдерісінің ұсынымдары студенттерде тек кәсіби бағыттағы емес, сонымен қатар әмбебап (саларалық) құзыреттерді қалыптастырудың маңыздылығын алға тартады. Атап айтқанда, шығармашылық ойлау, коммуникация, топта жұмыс істеу, сыни пайымдау, өзіндік білім алуға қабілеттілік сияқты құзыреттер еңбек нарығында жоғары бағаланады.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін пәнаралық тәсілді енгізу, сондай-ақ интерактивті және іс-әрекеттік оқыту формаларын белсенді қолдану қажет. Олардың қатарына жобалық қызмет, кейс-әдістер, іскерлік және рөлдік ойындар, цифрлық модельдеу мен визуализация, онлайн платформалар мен білім беру симуляторларында жұмыс істеу жатады.

Осы тұрғыда ең перспективалы бағыттардың бірі - тұлғалық-бағдарланған білім беру (ТББ) тұжырымдамасы болып табылады. Бұл бағыт Т.А. Хмель секілді зерттеушілердің еңбектерінде негізделіп, дамытылған. Ол тұлғалық - бағдарланған білім беруді болашақ маманның шығармашыл әрі еркін тұлғасын қалыптастыру құралы ретінде қарастырады. Бұл тәсілдің негізінде - студенттің даралығын дамыту, оның қажеттіліктерін ескеру, оқу үдересінде диалог жүргізу, проблемалық жағдайларды шешуге тарту және дербес белсенділігін ынталандыру жатыр. Университет тек диплом беретін мекеме емес, керісінше, студенттің тұлғалық және кәсіби дамуының кеңістігі ретінде қарастырылады [1].

В.В. Сериков тұлғалық  - бағдарланған оқытуды (ТБО) философиялық-педагогикалық парадигма ретінде түсінеді, мұнда орталықта оқу бағдарламасы емес, тікелей студенттің өзі тұрады. Оның пікірінше, білім беру - бұл тұлғаның дамуына жағдай жасау үдерісі, оқу мазмұнына студенттің жеке мән-мағына беру арқылы жүзеге асады. Оқыту үдерісі субъектілік және іс-әрекеттік сипатта болып, студенттің өзін-өзі анықтауына бағытталуы тиіс және бұл үдеріс студентке құрмет пен сенімге негізделуі қажет. Тұлғалық өлшемі жоқ білім беру өзінің гуманистік мәнінен айырылады [ ].

Н.Б. Жиенбаева, Г. Әбілдаева және А. Даниярова тұлғалық - бағдарланған оқытуды студенттің кәсіби маңызды қасиеттерін қалыптастырудың негізі ретінде қарастырады. Олар студенттің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, оның білім алудағы белсенді рөлін, өзін-өзі дамытуға мотивация, жауапкершілік, коммуникативтік және рефлексивтік дағдыларды қалыптастырудың маңыздылығын атап өтеді. ТБО - бұл жай ғана оқыту әдістемесі емес, бұл - кәсіби тұлғаны қалыптастыратын орта [3].

А.О. Келдібекова және авторлық ұжым ТБО - ны студенттің жеке тұлғасына бейімделген білім беру ортасын ұйымдастыру технологиясы ретінде сипаттайды. Бұл тәсілдің басты мақсаты - мотивациялық, жайлы және дамытушы орта қалыптастыру. Мұндай орта оқу және сабақтан тыс әрекеттер, интерактивті әдістер мен ішкі мотивацияны қолдау арқылы жүзеге асады [2].

Аталған тұжырымдамаларға сәйкес, білім беру үдерісі студенттің тұлғалық дамуына, мотивациясына, танымдық қызығушылықтарына және кәсіби өзін-өзі анықтауына бағытталуы тиіс. Бұл жағдайда студент ақпаратты пассивті тұтынушы ретінде емес, оқу үдерісінің белсенді қатысушысы ретінде танылады - ол рефлексияға, таңдау жасауға, мақсат қоюға және өзін-өзі дамытуға қабілетті субъект болып саналады. Оқытушы болса, білімнің тасымалдаушысы ретіндегі дәстүрлі рөлінен арылып, дамытушы білім беру ортасын ұйымдастыратын тьютор, фасилитатор рөлінде көрінеді. Мұндай ортада студенттің тұлғалық өсуі мен кәсіби даярлығы қатар жүзеге асады.

Аталған тәсіл инженерлік моделдеу, креативтілік пен кеңістіктік ойлау қабілетін қажет ететін графикалық пәндерді оқытуда ерекше өзектілікке ие. Бұл студенттерді техникалық бағыттар бойынша даярлауда тұлғалық-бағдарланған технологияларды қолдануды маңызды әрі тиімді етеді.

Графикалық пәндерді оқытуда (мысалы, сызбалық геометрия, инженерлік және компьютерлік графика) белсенді білім беру технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдану оқу үдерісін жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Бұл студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Тұлғалық-бағдарланған тәсілдер мен студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуына негізделген заманауи оқыту әдістерін енгізу оқу материалын меңгеру деңгейін және білім алуға деген ынтаны едәуір арттырады.

Мұндай пәндерді оқыту теориялық біліммен қатар, кеңістіктік ойлау, логикалық талдау және инженерлік мәселелерді шығармашылық тұрғыда шешу сияқты тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруды талап етеді. Осы мақсатта білім беру бағдарламасында әртүрлі белсенді оқыту әдістері қолданылады. Олар шартты түрде имитациялық және бейимитациялық формаларға бөлінеді,  олар бейимитациялық әдістерге проблемалық дәрістер, пікірталас элементтерімен семинарлар, дөңгелек үстелдер мен нақты практикалық кейстерді талдау жатады. Бұл әдістер студенттердің сыни ойлауын дамытып, өз көзқарасын дәлелдеп қорғау қабілетін қалыптастырады; имитациялық әдістерге іскерлік ойындар мен жобалық қызмет жатады. Олар кәсіби қызметке барынша жақын жағдайлар туғызып, студенттерге алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Белсенді білім беру технологияларын сәтті қолданудың жарқын мысалдарының бірі ретінде «Құрылыс» және «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламалары бойынша бірінші курс студенттерін оқытуды атауға болады. Оқу жоспары аясында студенттер бір мезгілде дәстүрлі сызбалық геометрия әдістерін және заманауи компьютерлік жобалау құралдарын, атап айтқанда AutoCAD бағдарламасын қолдануды меңгереді. Мұндай екіжақты тәсіл студенттерге, бір жағынан, графикалық салуларды «қолмен» орындаудың негізгі қағидалары мен ережелерін үйренуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан - заманауи цифрлық модельдеу құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.

Тәжірибе көрсеткендей, алғашқы кезеңде студенттер AutoCAD бағдарламасы арқылы объектілердің үшөлшемді модельдерін құрастырады. Бұл олардың кеңістіктік ойлау қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ күрделі инженерлік құрылымдарды көрнекі түрде елестетуге септігін тигізеді. Кейіннен классикалық сызбалық геометрия әдістеріне көшу арқылы студенттер іргелі геометриялық заңдылықтар мен салу алгоритмдерін тереңірек меңгеріп, логикалық ойлау және талдау дағдыларын дамытады.

Дәстүрлі және инновациялық технологияларды осылайша ұштастыру оқу сапасын арттырып қана қоймай, студенттердің әртүрлі білім мен құралдарды біріктіре отырып кешенді инженерлік міндеттерді шешу қабілеттерін қалыптастырады. Жалпы алғанда, графикалық пәндерді оқытуда белсенді әдістерді қолдану студенттердің танымдық белсенділігін едәуір арттырады, олардың оқу үдерісіне және кәсіби қызметке деген қызығушылығын ынталандырады, сондай-ақ қазіргі заманғы инженерлік тәжірибеде сұранысқа ие негізгі құзыреттерін дамытады. Бұл тәжірибе техникалық білім беруде тұлғалық - бағдарланған тәсілді табысты іске асырудың айқын үлгісі болып табылады және оны басқа ұқсас білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынуға болады.

Білім беру үдерісінде есептеу-графикалық және курстық жобаларды орындауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жобалар нақты инженерлік мәселелер мен тәжірибеге тікелей байланысты болып, студенттердің кәсіби құзыреттіліктері мен техникалық саладағы табысты қызметі үшін қажетті тәжірибелік дағдыларды қалыптастырудың маңызды элементі болып табылады. Осындай жобалардың бірі - «Инженерлік графика» пәні, оның аясында бірінші курс студенттері теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болып, ғимараттарды жобалау дағдыларын меңгереді.

Жоба барысында студенттер өз бетімен сызбалар мен макеттер дайындап, техникалық талаптар мен стандарттарды ескеріп, нақты инженерлік мәселелерді шешу үшін командалық жұмысқа қатысады. Бұл шығармашылық ойлау қабілетін, жауапкершілікті және жобалау практикалық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Тапсырма аясында студенттер барлық қажетті инженерлік есептеулерді орындайды, егжей-тегжейлі техникалық сызбаларды жасайды және конструктивтік шешімдерді талдайды. Мұндай жұмыс жобалау үдерісін тереңірек түсінуге және білімді практикада қолдануға көмектеседі. Сонымен қатар, студенттер мемлекеттік стандарттар (МЕМСТ) талаптарын сақтай отырып, дәл сызбалар құрады, бұл инженерлік құжаттаманы кәсіби деңгейде рәсімдеу дағдыларын қалыптастырады. Осындай жобаларды жүзеге асырудың маңызды ерекшелігі - жеке және топтық жұмыстың үйлесуі. Бұл оқыту үдерісін ұйымдастыру студенттерге жеке бастамашылдық пен соңғы нәтижеге жауапкершілікті көрсете отырып, тиімді коллективтік өзара әрекеттесуді үйренуге мүмкіндік береді.

Шешімдерді бірге талқылау, тапсырмаларды бөлу және өзара көмек көрсету коммуникативтік дағдыларды, әріптестер пікірін тыңдау және ескеруге қабілеттілікті дамытады, бұл кәсіби ортада сәтті жұмыс істеудің негізгі факторы болып табылады. Сонымен қатар, жобалау үдерісі оқытушы мен студент арасында үздіксіз және жемісті диалогпен өтеді. Мұғалімнің рөлі дәстүрлі дәріс берушіден тыс шығып, студенттің оқу қызметін ұйымдастырушы, тәлімгер және консультант ретінде көрінеді. Бұл тәсіл студенттердің өзін-өзі бағалау деңгейін арттырып, кәсіби мүмкіндіктеріне сенімділігін қалыптастыруға, әрі оқу мен өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасын дамытуға ықпал етеді.

Жоба жұмысын орындау барысында студенттер түрлі ақпарат көздерінен - ғылыми-техникалық әдебиет, нормативтік құжаттар мен цифрлық дерекқорлардан техникалық ақпаратты өз бетімен іздеу және талдау дағдыларын меңгереді. Бұл олардың ақпараттық сауаттылығы мен сыни ойлау қабілеттерін дамытып, технологиялардың қарқынды дамуы мен инженерлік шешімдерді негізді қабылдау қажеттілігі жағдайында аса маңызды болып табылады. Осылайша, есептеу-графикалық жұмыстарды орындау студенттердің кәсіби дағдыларын меңгеруге ғана емес, жобалау үдерістерінің тұтас көрінісін қалыптастыруға және қазіргі өндіріс пен ғылыми-техникалық прогрестің талаптарына сәйкес нақты инженерлік қызметке дайындалуына ықпал етеді.

Жыл сайын білім беру бағдарламасы аясында студенттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады, олар студенттердің жобалық және зерттеу жұмыстарының маңызды кезеңі әрі логикалық жалғасы болып табылады. Мұндай конференцияларға қатысу студенттерге тек теориялық және тәжірибелік білімдерін нығайтып, жүйелендіру мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар ашық сөйлесу, ғылыми талдау және дәлелдеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Конференцияларда сөйлеу студенттердің ғылыми мәдениетін қалыптастырады, ойларын жүйелі түрде құрастыру және жеткізу қабілетін дамытады, сондай-ақ өз және басқалардың зерттеу нәтижелерін сыни тұрғыдан бағалауға үйретеді. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар студенттердің кәсіби қызығушылықтарын кеңейтіп, олардың ғылыми және техникалық өзекті мәселелерге белсенді араласуын ынталандырады, бұл өз кезегінде олардың болашақ ғылыми-зерттеу және инженерлік қызметінің берік негізін қалайды.

Білім беру үдерісіне командалық жұмысты белсендіруге және тәжірибелік құзыреттерді дамытуға бағытталған заманауи интерактивті құралдар мен форматтар сәтті енгізілген. Олардың ішінде топтық практикумдар ерекше орын алады, онда студенттер нақты инженерлік мәселелерді шешу үшін топта жұмыс істеп, рөлдерді бөлу, бірлескен әрекеттерді үйлестіру және ұжымдық шешім қабылдауды үйренеді. Мұндай тәжірибелер кәсіби инженерлік ортада аса маңызды тиімді өзара әрекеттесу және коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, білім беру бағдарламасы аясында интенсивті, қысқа мерзімді инженерлік жобалар мен шешімдер әзірлеуге арналған хакатондар форматы белсенді қолданылады. Бұл формат студенттерге шектеулі уақыт пен ресурстар жағдайында тәжірибелік қызметке терең енуге мүмкіндік береді. Хакатондарға қатысу креативті ойлауды, жаңа жағдайларға жедел бейімделу қабілетін және стресс жағдайында жұмыс істеу дағдыларын дамытады, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттырып, инновацияларға ұмтылысын ынталандырады.

Студенттердің кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейту және олардың оқу мотивациясын арттыру мақсатында инженерлік бағыттағы олимпиадалар мен онлайн-конкурстар кеңінен қолданылады. Бұл іс - шаралар студенттердің мамандандырылған білімдерін тереңдетумен қатар, олардың аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейлерде өз шеберліктері мен жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, студенттердің өз - өзіне деген сенімі артып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Аталған формалардың тиімді іске асуының маңызды шарты ретінде цифрлық білім беру ортасының белсенді қолданылуы ерекше назар аудартады. Петрова М.А., Иванова Т.С., Кузнецов А.В., Шарова Е.А., Михайлова С.Н., Коновалов В.В. және Орлова И.И. сынды зерттеушілердің пікірінше, білім беру саласында цифрландыру жағдайында заманауи интерактивті технологияларды енгізу студенттердің кәсіби және ақпараттық-коммуникациялық дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді, сонымен қатар техникалық жоғары оқу орындарында оқудың тиімділігі мен мотивациясын арттырады [ 3;4;5;7].

Қазіргі заманғы білім беру платформалары, кәсіби форумдар және арнайы қауымдастықтар студенттерге тәжірибе алмасу, оқытушылар мен сарапшылардан кеңес алу, сондай-ақ онлайн-вебинарлар мен семинарларға қатысу мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл өз кезегінде олардың білім кеңістігін кеңейтіп, үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етеді. Цифрлық ресурстарды пайдалану студенттердің заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді, бұл өз кезегінде өнеркәсіп пен білім беру саласындағы цифрлық трансформация жағдайында кәсіби құзыреттіліктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Сондықтан, қазіргі заманғы білім беру технологияларын жоғары оқу орындарындағы графикалық пәндерді оқыту үдерісіне интеграциялау - студенттердің кешенді дамуын қамтамасыз ететін, болашақ кәсіби мамандар ретінде қалыптасуына ықпал ететін басты фактор болып табылады. Жеке тұлғаға бағытталған тәсілді, белсенді оқыту әдістерін және жобалық қызметті енгізу оқушыларда терең кәсіби құзыреттермен қатар, бастамашылдық, сыни ойлау, шығармашылық әлеует пен өз-өзіне сенімділік сияқты маңызды тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады. Мұндай білім беру моделі оқу үдерісін икемді, бейімделгіш әрі әр студенттің дара ерекшеліктеріне бағытталған етіп ұйымдастыруға мүмкіндік береді, бұл олардың оқуға деген қызығушылығы мен белсенділігін айтарлықтай арттырады.

Студенттердің оқу жетістіктері мен мотивациясында байқалатын оң өзгерістер, сондай-ақ олардың ғылыми-зерттеу және жобалық қызметке белсенді қатысуы таңдалған педагогикалық технологиялардың жоғары тиімділігін растайды. Әсіресе, студенттерде ақпаратты өз бетімен іздеу және талдау, командалық жұмыста тиімді қарым-қатынас орнату қабілеттерінің қалыптасуы қазіргі инженерлік тәжірибе жағдайында кәсіби қызметке дайындық деңгейіне тікелей әсер етеді.

Цифрлық құралдар мен онлайн-платформалардың қолданылуы ерекше маңызға ие, себебі олар білім беру кеңістігін кеңейтумен қатар, ақпараттық-коммуникациялық дағдыларды дамытуға ықпал етеді. Бұл дағдылар білімді цифрландыру мен цифрлық экономика жағдайында табысты бейімделу үшін қажетті болып табылады. Ғаламдану мен жылдам технологиялық прогресс жағдайында осындай құзыреттер кәсіби даярлық пен түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің ажырамас бөлігіне айналады.

Осылайша, жеке тұлғаның дамуына және студенттердің оқу-зерттеу үдерісіне белсенді қатысуына бағытталған ұсынылған оқу моделі жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың берік негізін қалайды. Мұндай мамандар күрделі инженерлік тапсырмаларды тиімді шешіп, қазіргі заманғы еңбек нарығының динамикалық талаптарына сәтті бейімделе алады. Осындай білім беру технологияларын енгізу және одан әрі дамыту - цифрлық трансформация жағдайында техникалық жоғары білімнің сапасын арттырудың стратегиялық маңызды бағыты болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Хмель Т. А. Личностно-ориентированное обучение как основа формирования профессиональных качеств будущих специалистов // Образование и наука в XXI веке. – 2022. – № 2 (33). – С. 87–91. – Режим доступа: https://articlekz.com/article/35100 (дата обращения: 15.03.2025).
2. Келдибекова А. О., Токоева Д. Т., Абдыллажан уулу А. А., Фазилов Р. Р. Построение личностно-ориентированной урочной и внеурочной деятельности – залог эффективности современного образования // Современные научные исследования и разработки. – 2023. – № 9. – С. 43–48. – Режим доступа: https://scipress.ru/pedagogy/articles/postroenie-lichnostno-orientirovannoj-urochnoj-i-vneurochnoj-deyatelnosti-zalog-effektivnosti-sovremennogo-obrazovaniya.html (дата обращения: 16.04.2025).
3. Коновалов В. В., Орлова И. И. Педагогические условия формирования ИКТ-компетенций у студентов технических вузов // Вестник Новосибирского государственного университета. Серия: Образование. – 2023. – № 1. – С. 42–51. – DOI: 10.31498/1813-0247-2023-1-42-51.
4. Кузнецов А. В. Современные образовательные технологии в техническом вузе // Наука и образование. – 2021. – № 3. – С. 108–116. – DOI: 10.17853/1994-5639-2021-3-108-116.
5. Петрова М. А., Иванова Т. С. Интерактивные технологии в личностно-ориентированном обучении студентов технических специальностей // Вестник СПбГУ. Педагогика и психология. – 2019. – Вып. 15. – С. 45–58.
6. Сериков В. В. Личностно-ориентированное образование: в поисках концепции // Научное обозрение. Педагогические науки. – 2022. – № 2. – С. 6–13. – DOI: 10.20310/2309-4370-2022-8-2-6-13.
7. Шарова Е. А., Михайлова С. Н. Формирование профессиональных компетенций в условиях цифровизации образования // Современные технологии в образовании. – 2022. – Т. 18, № 2. – С. 75–83.