МӘДЕНИ-ТАРИХИ ДӘСТҮРЛЕР НЕГІЗІНДЕ БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №15(282)
Рубрика: Педагогика
Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №15(282)
МӘДЕНИ-ТАРИХИ ДӘСТҮРЛЕР НЕГІЗІНДЕ БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ОСОБЕННОСТИ ФОРМИРОВАНИЯ ЭКОЛОГИЧЕСКОЙ ГРАМОТНОСТИ УЧАЩИХСЯ НАЧАЛЬНЫХ ШКОЛЬНИКОВ НА ОСНОВЕ КУЛЬТУРНО-ИСТОРИЧЕСКИХ ТРАДИЦИЙ
Ахамбаева Жадра Тлеуғабылкызы
магистрант кафедры педагогики и методики начального обучения Карагандинского университета имени Академика Е.А.Бөкетов, Казахстан, г. Караганда
Шаушекова Баян Қырықбаевна
канд. пед. наук, ассоциированный профессор кафедры педагогики и методики начального обучения Карагандинского университета имени Академика Е.А. Бөкетов, Казахстан, г. Караганда
Аннотация. Мақала мәдени-тарихи дәстүрлер негізінде бастауыш сынып оқушыларының экологиялық сауаттылығын дамыту мәселесіне арналған. Мақалада оқушылардың қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастыруға және экологиялық жауапты мінез-құлықты ынталандыруға мүмкіндік беретін қазақстандық және шетел ғалымдарының еңбектері қарастырылады.
Аннотация. Статья посвящена развитию экологической грамотности учащихся младших классов на основе культурно-исторических традиций. В статье рассматриваются работы казахстанских и зарубежных ученых, которые позволяют формировать у учащихся позитивное отношение к окружающей среде и поощряют экологически ответственное поведение.
2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы осы әдістемелік нұсқау хат қолданыстағы заңнаманы ұстануға, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын іске асырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру мақсатында әзірленді. Осы әдістемелік нұсқаулықтың негізгі ерекшеліктерінің біріне тоқтала кетсек: Экологиялық білім беру сапасын арттыру: экологиялық проблемаларды шешуде білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға арналған зертханалық, зерттеу, жобалық жұмыстарды ұйымдастыру.[1]
Қазіргі кезде қоғамның талабына сай әр адам білімнің қай саласынан болса да, сауатты болу керек. Біздің тіршілік ортамыз табиғат әлемі. Біз табиғатсыз өмір сүре алмаймыз. Күнделікті жасайтын іс-әрекетіміз, яғни демалуымыз, тамақтануымыз табиғатқа байланысты. Сол себепті әр адам экологиялық сауатты болуы маңызды. Экологиялық сауаттылықты жастайынан қалыптастыру керек. Себебі, адам өмірге келгенде тәрбиені отбасында алады. Кейін білімнің алғашқы сатысы бастауыш мектепке келеді. Білімнің фундаменті осы бастауыш сыныптан бастап қаланады. Үйді қалаған кезде бүкіл детальдың болуы маңызды сияқты, бастауыш мектепте де экологиялық сауаттылықтың қалыптасуы да өте маңызды.
Қазіргі уақытта осы орайда оқушылардың табиғатқа дұрыс қарым-қатынасын, олардың табиғатты сақтау, табиғатқа қамқорлық жасау дағдыларының қалыптастыру ерекшеліктерін зерттеген қазақстандық және шетел ғалымдары бар.
Соңғы жылдары шетел ғалымдарының экологиялық тәрбие мен оқыту мәселелерін зерттеуге көңіл бөлуі айтарлықтай артты. Н.М.Верзилин, А.Н.Захлебный, И.Д.Зверев, Б.Г.Иоганцен, В.С.Липицкий, И.С.Матрусов, А.П.Мамонтова, Л.П.Печко, В.А.Сухомлинский және т.б. еңбектері ерекше қызығушылық тудырады, оларда оқушыларға экологиялық тәрбие мен тәрбие берудің әртүрлі аспектілері қарастырылады.
Өз еліміздің экологиялық білімге баса назар аударып кеткен ғалымдарға келетін болсақ, Н.С.Сарыбеков, М.Н.Сарыбеков, Г.К.Ділімбетова, А.С.Бейсенова, Ж.Б.Чилдибаев, Ұ.Есназарова, Ж.Ж.Жатқанбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде экологиялық білімнің теориялық негіздері ұсынылған.
Шетел ғалымдарына келетін болсақ, Джой А.Палмер, Экологиялық ойлау және зерттеу орталығының директоры өз кітабында экологиялық білім берудің қыр-сырын, 20 ғасырдың аяғында осы салада не болып жатқанын, 21 ғасырға өткен кездегі экологиялық білімнің басымдықтарын, сондай-ақ экологиялық білім беру прогресіне әсер еткен барлық жаһандық бастамалардың негізгі идеяларын қарастырған.[2]
Л.Н.Ердаков еңбегінде мұғалімге бастауыш мектепке бейімделген экологиялық материал ұсынылады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін қарапайым ережелер. Сабақтарды құру, материалды беру және иллюстрацияларды таңдау нұсқалары ұсынылады. Балада биоцентристік дүниетанымның негіздерін құру үшін қажетті экологиялық этиканың кейбір ережелері де осы жерде талқыланады. Осы еңбектің негізгі мазмұнына келетін болсақ:
1. Сезім мүшелері (көру, иіс, есту, дәм, ұстап сезу) арқылы табиғи заттармен қарым-қатынас жасау қабілетін қалыптастыру.
2. Қоршаған ортадағы табиғи заттарды, құбылыстарды, заңдылықтарды бақылау, зерттеу барысында есте сақтау, елестету, ойлау қабілеттерін дамыту.
3. Оқушылар қоршаған ортамен өзара әрекеттесу тәжірибесін жинақтайды, тұлғаның дамуын ынталандырады және білімді өз бетінше меңгеруге ұмтылады.
4. Табиғаттың алуан түрлілігі мен жануарлар мен өсімдіктер әлемі элементтерінің бірізділігі туралы түсініктерін қалыптастыру. [3]
Миронова А.В. «Бастауыш мектепте қоршаған әлемді зеттеу әдістемесі» еңбегінде бастауыш мектеп оқушыларын қоршаған әлеммен таныстырудың әдістемелік жүйесі, оның ішінде өзара байланысты мақсаттарды, принциптерді, мазмұнды, әдістерді, құралдарды және қоршаған ортаны тану саласындағы білім беру формалары зерттелген. «Экологиялық әлем» әдістемесі келесі негізгі сұрақтарға жауап береді:
- Неліктен бастауыш сынып оқушыларын қоршаған әлеммен таныстыру керек? (білім беру мақсаты туралы).
- Мектеп оқушыларының табиғат пен әлеуметтік ортамен қарым-қатынасы саласында нені оқыту керек және қандай қасиеттерді дамыту керек? (білім беру мазмұны туралы).
- Балаларды қоршаған әлемді зерттеу процесінде қалай оқыту, қалай тәрбиелеу және қалай дамыту керек? (оқытудың әдістері, формалары, технологиялары туралы).
- Ненің көмегімен адамның табиғат және әлеуметтік қоршаған ортасын зерттеу керек? (тәрбие құралдары туралы).[4]
Ж.Ж.Жатқанбаев еңбегінде еліміздің әртүрлі экологиялық мәселелері, ғылыми зерттеулер толықтай қамтылған. Осы еңбек арқылы оқулық жүйелеріне арнала, оқушыларды және көпшілік қауымды экологиялық білім мен тәрбие беруді бағыттайды.
Н. Сарыбеков, М. Сарыбеков, Қ-Д. Сарыбековтың еңбектеріне келетін болсақ, еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын кәрі-жастардың көмегі арқылы табиғатты сақтау, қорғау және оған ұқыпты қарауға байланысты қазақ халқының дәстүрлерін зерттеді.
Олар еңбектерінде «Табиғаттың сансыз сыры мен құбылыстарын түсінуге ұмтылу, халықтың бойында, ақыл санасында табиғат жайындағы түсінікті шым-шымдап жинақтауға көмектескен. Сан ғасырлар бойы жеке халық өкілдерінің, бүкіл халық рухында, болмысында жинақталған табиғатты ұғыну, табиғаттың адам өміріне қажеттігін түсіну, табиғатсыз адам өмірінің мәні мен сәні, жалпы өмірдің өзі болмайтынын сезіну қалыптасты. Сол үшін әр адам, бүкіл халық табиғатты біртұтас, оның әр бөлшегін мал-жанындай қорғауды өмір заңына айналдырды» деп тұжырымдады.[5]
Бұл еңбектің мазмұнына тоқтала кетсек:
- Табиғатты қорғауға байланысты халық дәстүрлері.
- Табиғатты қорғауға байланысты халық дәстүрлерінің келешек ұрпаққа тигізетін пайдасы.
- Ауаны қорғауға байланысты халық дәстүрлері.
- Суды қорғауға байланысты халық дәстүрлері.
- Пайдалы қазбаларды қорғауға арналған халық дәстүрлері.
- Табиғатты қорғауға байланысты халық дәстүрлері.
- Өсімдіктер дүниесін қорғауға байланысты халық дәстүрлері.
- Жануарлар дүниесін қорғауға байланысты халық дәстүрлері .
Жалпы осы табиғатты қорғау дәстүрлері арқылы оқушылардың санасында біздің өміріміз табиғатпен байланысты екенін, яғни табиғатты аялап қорғау үшін олардың қыр сырын білу біз үшін маңызды екенін қалыптастыру қажет.
Қорыта келгенде, қазақстандық және шетелдік ғалымдар оқушылардың экологиялық сауаттылығын қалыптастырудың әртүрлі ерекшеліктерін зерттеді. Осыдан келе, оқушылардың оқу процесінде табиғатты сақтау үшін қалай оқыту, қалай тәрбиелеу және қалай дамыту керек? оқытудың әдістері, формалары, технологиялары, сонымен қатар халық дәстүрлері арқылы оқушылардың санасында табиғатты қорғау біз үшін маңызды.